«Арсенал» Салибаны ӘЧ-дан кейін операцияға жіберуі мүмкін

Бегасыл Амирбай ··
Фото: x_@FabriceHawkins

Фото: x_@FabriceHawkins

Лондондық Арсенал клубының және Франция құрамасының қорғаушысы Вильям Салиба 2026 жылғы әлем чемпионаты аяқталғаннан кейін медициналық тексерістен өтеді. Клуб ойыншыны емдеудің түрлі нұсқаларын қарастырады.

BBC мәліметінше, француз қорғаушысы бірнеше апта бойы бел аймағындағы ауырсынумен ойнап жүрген және жарақатына қарамастан әлем чемпионатына қатысқан.

Жарақат Испания құрамасына қарсы жартылай финал матчында (0:2) асқынып, Салиба 30-минутта ауыстырылды. Лондонға оралғаннан кейін «канонирлердің» медициналық штабы толық тексеріс жүргізіп, әрі қарайғы емдеу жоспарын анықтайды. Мүмкін нұсқалардың бірі – хирургиялық операция, ол ұзақ қалпына келу кезеңін талап етуі ықтимал.

Өткен маусымда 25 жастағы Салиба «Арсенал» сапында барлық турнирде 50 матч өткізіп, клубқа 22 жылдан кейін алғаш рет Англия чемпионатын жеңіп алуға және Чемпиондар лигасының финалына шығуға көмектесті.

Испаниядан жеңілгеннен кейін Франция құрамасы Англия құрамасымен ӘЧ-2026 қола жүлдесі үшін ойнайды. Матч 19 шілде күні Қазақстан уақытымен 02:00-де басталады.