Аршавиннің туған күні мен «Эйзель» қасіреті: бұл күннің спорттағы тарихы

Ульяна Калиаскар··
Аршавиннің туған күні мен «Эйзель» қасіреті: бұл күннің спорттағы тарихы

29 мамыр спорт тарихында Эверест шыңын алғашқы рет бағындырумен, Брюссельдегі жанкүйерлер арасындағы қайғылы оқиғамен және Коди Гарбрандттың жарқын нокаутымен есте қалды.

Әлем:

Эверест шыңын алғашқы рет бағындыру

1953 жыл – дәл осы күні жаңа зеландиялық Эдмунд Хиллари мен непалдық Тенцинг Норгей әлемде алғаш болып Эверест шыңын бағындырды. Олар шың басында небәрі 15 минут болып, сол уақыт ішінде Хиллари Тенцингті мұз шапқысымен тұрған әйгілі суреттерін түсіріп үлгерді. Альпинистер шың басына шоколад пен печенье қалдырып, Ұлыбритания, Непал, Үндістан және БҰҰ-ның туларын қадады. Эверестті бағындырғаны туралы ресми хабар тек 1953 жылдың 2 маусымында, Ұлыбритания патшайымы Елизавета II-нің таққа отыру рәсімінде жарияланды.

«Эйзель» қасіреті

1985 жыл – Брюссельдегі «Эйзель» стадионында Еуропа чемпиондар кубогының финалында италиялық «Ювентус» пен ағылшындық «Ливерпуль» кездесті. Матч басталардан бір сағат бұрын жанкүйерлер арасындағы қақтығыс кезінде қоршаулар бұзылып, трибуна қабырғасы құлады. Салдарынан 39 адам қаза тауып, жүздеген адам жарақат алды. Одан әрі тәртіпсіздіктердің алдын аламыз деген желеуен ұйымдастырушылар ойынды өткізе беру туралы шешім қабылдады. Осы қайғылы оқиғадан кейін ағылшын клубтарына УЕФА турнирлеріне қатысуға тыйым салынды. Барлық клубтар бес жылға, ал «Ливерпуль» алты жылға еурокубоктардан шеттетілді.

Трагедиядан кейінгі триумф

1968 жыл – Еуропа чемпиондарының кубогындағы финалда «Манчестер Юнайтед» португалиялық «Бенфиканы» 4:1 есебімен жеңді. Осылайша «қызыл сойқандар» аталған турнирде жеңіске жеткен алғашқы ағылшын клубы атанды. Клуб бапкері Мэтт Басби мен Мюнхендегі әуе апатынан аман қалған футболшылар үшін бұл жеңістің маңызы ерекше болды. Өйткені бұл тарихи жетістік апаттан тура он жыл өткен соң тіркелді.

Фин жанкүйерлерінің қуанышы

2022 жыл – хоккейден әлем чемпионатының финалында Финляндия құрамасы өз алаңында Канаданы қосымша уақытта 4:3 есебімен жеңді. Жеңіс шайбасын Сакари Маннинен соқты. Негізгі уақыт 3:3 есебімен аяқталған еді. Финдер сапында Микаэль Гранлунд дубль авторы атанса, тағы бір шайбаны Йоэль Армиа тоғытты. Канада құрамасы сапынан Дилан Козенс, Зак Уайтклауд және Максим Комтуа мергендік танытты.

Гарбрандттың жойқын нокауты

2016 жыл – Лас-Вегастағы UFC Fight Night 88 турнирінде жеңіліс көрмеген екі файтер — бразилиялық Томас Алмейда мен америкалық Коди Гарбрандт кездесті.

Гарбрандт қарсыласын бірінші раундтың басында-ақ нокаутқа түсірді. Америкалық файтер жекпе-жектің алғашқы секундтарынан агрессивті прессинг жасап, дәл соққылар сериясымен Алмейданы жылдам есеңгіретіп алды. Шешуші сәтте Гарбрандтың оң қол хук соққысы жақ тұсынан дөп тиіп, бразилиялық октагонға сұлап түсті.

Сафиннің сенсациясы

1998 жылы – Париж корттарында 17 жастағы Марат Сафин теннис әлемін таңғалдырды. Ресейлік теннисші «Ролан Гарростың» сол кездегі чемпионы бразилиялық Густаво Куэртенді жарыс жолынан шығарды. Екінші айналымдағы матч 3:6, 7:6 (7:5), 3:6, 6:1, 6:4 есебімен Сафиннің пайдасына аяқталды.

Бүгінгі күні дүниеге келгендер:

1981 жыл — Андрей Аршавин. Ресейлік футболшы, Ресей құрамасының бұрынғы капитаны. УЕФА Кубогы мен Еуропа Суперкубогының жеңімпазы. Ресей футболы тарихындағы үздік ойыншылардың бірі саналады. Сондай-ақ ол алматылық «Қайрат» сапында өнер көрсеткен.

1970 жыл — Роберто Ди Маттео. Италиялық футболшы және бапкер. 2012 жылы уақытша бас бапкер ретінде лондондық «Челсимен» клуб тарихындағы алғашқы Чемпиондар лигасының трофейіне қол жеткізген.