Мадрид дербиіндегі Роналду , Дэвистің жарқын нокауты: бұл күннің спорттағы тарихы

Ульяна Калиаскар··
Мадрид дербиіндегі Роналду , Дэвистің жарқын нокауты: бұл күннің спорттағы тарихы

28 мамыр спорт тарихында Фернандо Алонсоның Монакодағы жеңісі, «Реалдың» Чемпиондар лигасындағы триумфы және Джервонта Дэвистің жойқын нокаутымен есте қалды.

Әлем:

Сатоның Индианаполистегі тарихи триумфы

2017 жылы - жапониялық авто-шабандоз, бұрыңғы «Формула-1» пилоты Такума Сато атақты «Индианаполис 500» жарысының 101-ші бәйгесінде жеңіске жетті. Жарыс соңында ол Хелио Кастроневесті басып озды. Сато осы жарыста жеңіске жеткен алғашқы жапон спортшысы атанды. 2020 жылы ол бұл жетістігін тағы қайталады.

Эдвин ван дер Сардың соңғы матчы және «Барселонаның» триумфы

2011 жылы - Лондондағы «Уэмбли» стадионында Чемпиондар лигасының финалы өтті. Алаңда испаниялық «Барселона» мен ағылшындық «Манчестер Юнайтед» кездесті. Екі команда бұған дейін де 2009 жылғы финалда жолыққан еді. Бұл жолы «Барселона» қарсыласын 3:1 есебімен сенімді түрде ұтып, ««саңырауқұлақты» трофейді төртінші рет жеңіп алды. Бұл матч нидерландтық қақпашы Эдвин ван дер Сар үшін кәсіби мансабындағы соңғы ресми ойын болды. Ол «Манчестер Юнайтедке» 2005 жылы ауысқан. Ван дер Сар Чемпиондар лигасын екі түрлі клубпен жеңген жалғыз қақпашы саналады. Ол 1995 жылы «Аякспен», ал 2008 жылы «Манчестер Юнайтедпен» чемпион атанған.

Алонсоның Монакодағы жеңісі

2006 жылы - испаниялық авто-шабандоз Фернандо Алонсо Монако Гран-приінде жеңіске жетті. Ол алғашқы айналымнан бастап жарысты толық бақылауда ұстап, мәреге дейін көшбасшылықты ешкімге берген жоқ. Испаниялықты өкшелеп келе жатқан Кими Райкконен 51-айналымда қозғалтқыш ақауына байланысты жарысты аяқтай алмады. Нәтижесінде оның командаласы Хуан Пабло Монтойя екінші орынға көтерілді.

Үшінші орынды Дэвид Култхард иеленді. Бұл жарыс оның мансабындағы 100-ші бәйге болды. Сонымен қатар Red Bull командасы тарихында жүлделі тұғырға шыққан алғашқы спортшы атанады.

26 мамыр күні Michelin компаниясы басшыларының бірі Эдуард Мишленнің қайтыс болғаны белгілі болды. Фернандо Алонсо бұл жеңісін соған арнады. Ал жарыстан кейінгі марапаттау рәсімінде пилоттар дәстүрлі шампан атқылаудан бас тартты.

Хулио Сезар Чавестің соңғы жеңісі

2005 жылы - Лос-Анджелестегі Staples Center аренасында 42 жастағы мексикалық Хулио Сесар Чавестің мансабындағы соңғы жекпе-жегі өтті. Ол америкалық Айвен Робинсонды төрешілердің біріңғай шешімімен жеңді. 10 раундқа созылған бәсең қарқындағы айқаста Чавес толық басымдық танытты. Робинсон үшін бұл жоғары деңгейде өзін көрсетуге берілген соңғы мүмкіндіктердің бірі болды. Осы жеңілістен кейін америкалық тағы екі рет ұтылып, 2008 жылы мансабын аяқтады. Робинсонның рекорды — 32 жеңіс, 12 жеңіліс және екі тең нәтиже.

Миландағы мадридтік майдан

2016 жылы, дәл осы күні Миландағы «Сан-Сиро» стадионында Чемпиондар лигасының финалы өтті. Финалда мадридтік қос бірдей ұжым «Реал» мен «Атлетико» кездесті. Ойынның негізгі уақыты 1:1 есебімен аяқталды. Қосымша уақытта да жеңімпаз анықталмады. Матч тағдыры пенальти сериясында шешілді. Бұл сында Зинедин Зидан баптайтын «Реал» жеңіске жетті. Шешуші соққыны Криштиану Роналду мүлтіксіз орындады. Матчтың үздік ойыншысы болып «Реал» қорғаушысы Серхио Рамос танылды. Осылайша мадридтік клуб Чемпиондар лигасын 11-рет жеңіп алды.

«Танктың» жойқын жеңісі

2022 жылы - америкалық боксшы Джервонта Дэвис Нью-Йорктегі Barclays Center аренасында отандасы Роландо Ромероны техникалық нокаутпен жеңді. Жекпе-жек алтыншы раундта тоқтатылды. Осылайша Дэвис жеңіл салмақтағы WBA чемпиондық белбеуін қорғап қалды. Алтыншы раундта Ромеро ауыр нокдаунға түсті. Ол орнынан тұрғанымен, жағдайы айқасты жалғастыруға мүмкіндік бермеді. Сондықтан төреші кездесуді тоқтатуға мәжбүр болды. Бұл Ромероның кәсіби мансабындағы алғашқы жеңілісі болды.

Бұл күні дүниеге келгендер:

1976 жылы — Алексей Немов, төрт дүркін Олимпиада чемпионы атанған ресейлік гимнаст. Бес дүркін әлем чемпионы.

1990 жылы — Кайл Уокер, англиялық футболшы. Алты дүркін АПЛ чемпионы. «Манчестер Сити» сапында Чемпиондар лигасының жеңімпазы атанған. Сондай-ақ Англия құрамасымен Еуропа чемпионатының күміс жүлдесін жеңіп алған.