Асаубаева әлем чемпионына қарсы жеңісіне баға берді

Бегасыл Амирбай ··
Фото: Norway Chess

Фото: Norway Chess

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Ослода өтіп жатқан Norway Chess Women 2026 турнирінде әлем чемпионы Цзюй Вэньцзюньді жеңгеннен кейін өз әсерімен бөлісті.

Төртінші турда қарсыластар арасындағы классикалық партия тең аяқталды. Одан кейін жеңімпаз «армагеддон» форматында анықталды. Қосымша партияда қазақстандық шахматшы қарсыласынан басым түсті.

— Бәрінізге сәлем! Классикалық партияны тең аяқтадым, ал «армагеддонда» жеңіске жеттім. Меніңше, бұл осы турнирдегі ең сапалы «армагеддон» партиям болды. Айтпақшы, мен қазіргі әлем чемпионымен ойнадым. Бұл біздің классикадағы алғашқы кездесуіміз еді. Ал рапидте бұған дейін бір рет кездескенбіз және ол ойында да мен жеңгенмін, — деді Асаубаева әлеуметтік желідегі парақшасында.

Төрт тур қорытындысы бойынша қазақстандық шахматшы жеті ұпаймен турнир кестесінде бірінші орында келеді.

Norway Chess Women-2026 турнирі алты шахматшының қатысуымен екі айналымдық жүйе бойынша өтіп жатыр. Жарыс 5 маусымда аяқталады.