Басты бет
·
Басқа спорт түрлері

Әсем Орынбай: «Қазақстанға алғашқы олимпиадалық жолдаманы алып беру – үлкен бақыт»

Каирбек Тулегенов ··
СДД

СДД

Стенд атудан Қазақстан құрамасы 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін жазғы Олимпиада ойындарына алғашқы жолдамасын жеңіп алды. Тарихи нәтижеге Катар астанасы Дохада өтіп жатқан әлем чемпионатында Әсем Орынбай қол жеткізді.

Қазақстандық спортшы Sport-hub.kz басылымына берген сұхбатында жетістігі туралы айтып, 2026 жылғы маусымды қорытындылады.

– Сіз 2028 жылғы Олимпиадаға Қазақстан атынан алғашқы жолдаманы жеңіп алдыңыз. Сол сәтте қандай сезімде болдыңыз?

– Әлем чемпионатына олимпиадалық жолдама жеңіп алу мақсатымен бардым. Ол үшін скит бағдарламасында үздік бестікке ену қажет болды. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген 70 спортшының арасынан үздік бестікке кіру оңай емес. Іріктеу кезеңінде үздік сегіздікке өту үшін 125 нысананың кемінде 121-ін дәл ату керек болды.

Әрине, медаль ала алмағаныма аздап өкінемін. Дегенмен Қазақстанға алғашқы олимпиадалық жолдаманы алып беру – үлкен бақыт. Өйткені финалға шыққан сегіз спортшының арасында Рио мен Париж Олимпиадаларының чемпионы Диана Бакози және Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Эмбер Раттер секілді мықтылар да алғашқы мүмкіндікте жолдама ала алмады.

– 2026 жылы командалық есепте Азия чемпионы атандыңыз, Алматыдағы әлем кубогының кезеңінде жеңіске жеттіңіз, Азия ойындарында күміс және қола медаль алдыңыз. Бұл маусымды табысты деп санайсыз ба?

– Биылғы жыл мен үшін сәтті өтті. Отбасын құрып, біраз үзілістен кейін үлкен спортқа қайта оралдым. Алға қойған көптеген мақсаттарыма жеттім. Мансабымда екінші рет командалық есепте Азия чемпионы атандым.

Биылғы басты мақсатым Азия ойындары мен әлем чемпионатында жақсы нәтиже көрсету еді. Бұл жоспарларым да орындалды.

Бірақ маусым әлі аяқталған жоқ. 3–8 желтоқсан аралығында Италияның Рим қаласында әлем кубогының финалдық кезеңі өтеді. Оған төрт кезеңнің қорытындысы бойынша үздік 12 спортшы қатысады. Мен де сол жарыста өнер көрсетемін. Енді соған дайындаламын.

– 2028 жылғы Олимпиадаға дайындық жоспарыңыз қандай?

– Бұған дейін Токио мен Париж Олимпиадаларына қатыстым. Бірақ биыл жеңіп алған жолдаманың мен үшін маңызы ерекше. 2024 жылы Париж Олимпиадасына жолдаманы әлемдік рейтингтегі орнымның арқасында жарыс басталуына небәрі екі ай қалғанда алған едім.

Ал бұл жолы Олимпиадаға екі жыл бұрын жолдама жеңіп алдым. Енді асықпай, төртжылдықтың басты додасына тыңғылықты дайындалуға мүмкіндігім бар.

Айта кетейік, Дохадағы әлем чемпионатында Әсем Орынбай скит бағдарламасында бесінші орын алды. Финалдық кезеңде ол 20 нысананы дәл көздеді.

Жүлделі үш орынды да Қытай спортшылары иеленді. Цзян Итин 34 нысананы дәл атып, әлем чемпионы атанды. Чэ Юйфэй (32) күміс, Цзян Чаоюй (27) қола медаль жеңіп алды. Төртінші орынға словакиялық Моника Стибрава (24) тұрақтады.

Бір елге ең көбі бір олимпиадалық квота берілетіндіктен, қалған екі жолдама Словакия мен Қазақстанға бұйырды.

Осылайша Әсем Орынбайдың бесінші орны Қазақстанға Лос-Анджелес Олимпиадасының алғашқы лицензиясын әкелді.

Маңыздысы: олимпиадалық жолдама спортшының жеке өзіне емес, Қазақстанның Ұлттық олимпиада комитетіне тиесілі.