«Астана Арена» 2028 жылғы УЕФА Суперкубогын қабылдайды

ҚФФ
«Астана Арена» алғаш рет УЕФА Суперкубогы үшін матч қабылдайды. Кездесу 2028 жылы Қазақстан астанасында өтеді.
Бұл шешім УЕФА Атқарушы комитетінің Салоникиде өткен отырысында қабылданды. Астанадағы трофей үшін 2027/28 маусымындағы Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының жеңімпаздары таласады, деп хабарлайды УЕФА-ның ресми сайты.
УЕФА Суперкубогы алғаш рет Қазақстанда өтеді. Ал 2027 жылғы матчты Амстердамдағы «Йохан Кройфф Арена» қабылдайды.
Сонымен қатар Атқарушы комитет алдағы жылдардағы еуропалық клубтық турнирлердің финалдарын өткізетін орындарды анықтады. 2028 жылғы Чемпиондар лигасының шешуші матчы «Мюнхен Аренада» өтсе, 2029 жылғы финалды Барселонадағы «Камп Ноу» қабылдайды. Мюнхендегі стадионда бұған дейін 2012 және 2025 жылдары, ал каталониялық клубтың алаңында 1989 және 1999 жылдары турнир финалдары өткен.
УЕФА Атқарушы комитетінің келесі отырысы 7 желтоқсанда Белфастта өтеді. Ол Еуро-2028 іріктеу кезеңінің жеребесінен бір күн өткен соң ұйымдастырылады.