«Астана» баскетболдан Қазақстан чемпионатының финалына шықты

Бегасыл Амирбай ··
Фото: «Астана» БК

Фото: «Астана» БК

«Астана» баскетбол клубы «Атырау барыстарына» қарсы шешуші матчта 88:87 есебімен басым түсіп, Қазақстан чемпионатының финалына жолдама алды. Финалда чемпиондық атақты «Астана» мен ақтаулық «Каспий» өзара сарапқа салады.

Жартылай финал сериясының бесінші матчында елордалық команда «Атырау барыстарын» 88:87 есебімен ұтты. Осы жеңістің арқасында «Астана» серияны 3:2 есебімен өз пайдасына аяқтап, Қазақстан чемпионатының финалына шықты.

Алтын медаль үшін өтетін финалдық серияда елордалық клуб ақтаулық «Каспиймен» кездеседі. Ал «Атырау барыстары» қола медаль үшін «Алматылық Легионмен» ойнайды.

Айта кетейік, «Астана» — Қазақстандағы ең титулды клуб. Команда қоржынында Ұлттық лиганың 12 чемпиондық титулы және ел Кубогындағы 11 жеңіс бар. Халықаралық аренада клуб ВТБ Бірыңғай лигасының плей-офф кезеңіне үш рет шыққан. Сондай-ақ ФИБА Чемпиондар кубогы мен Батыс Азия Суперлигасының (WASL) қола жүлдегері атанған.