«Астана» ойыншысы әлем чемпионатында нәтижелі паспен көзге түсті

Али Асетов··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

«Астана» клубының жартылай қорғаушысы Иван Башич 2026 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі үшінші турда Босния және Герцеговина мен Қатар арасындағы матчта нәтижелі пас авторы атанды.

Кездесудің 29-минутында босниялықтар есеп ашты. Қазақстандық клубтың ойыншысы Иван Башич Керим Алайбеговичке дер кезінде дәл пас шығарып, ол айып алаңының сыртынан қуатты соққымен қарсылас қақпасын дәл көздеді – 1:0.

Үшінші тур басталар алдында екі құрама да В тобының төменгі сатысында тұрған еді. Екі ойыннан кейін Қатар бір ұпаймен соңғы орында болса, дәл осындай көрсеткішке ие Босния және Герцеговина бір саты жоғары орналасты. Ал топ көшін төрт ұпаймен Канада бастап тұрған болатын.

Айта кетейік, кейінгі матчтардың қорытындысы бойынша Швейцария мен Канада плей-офф кезеңіне тікелей жолдама алды. Ал Босния және Герцеговина үшінші орын иеленіп, үздік үшінші орын алған құрамалардың рейтингі арқылы келесі кезеңге шығуға таласады.

Айта кетейік, 2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты АҚШ, Канада және Мексикада өтіп жатыр. Турнир 19 шілдеде мәресіне жетеді.