Астанада «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирі өтеді

Фото: «Болашақ ойындары»
29 шілде мен 9 тамыз аралығында Астана қаласында алғаш рет «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық мультиспорттық турнирі өтеді.
Жарыс фиджитал форматында ұйымдастырылады. Бұл форматта цифрлық жарыстар мен дәстүрлі спорт түрлері біріктіріледі. Қатысушылар алдымен виртуалды кезеңде, кейін нақты спорттық сайыста бақ сынайды. Қорытынды нәтиже екі кезеңнің жиынтық көрсеткіші бойынша анықталады.
Турнирде 800-ден астам спортшы жалпы жүлде қоры 4 миллион АҚШ долларынан асатын сыйақыны сарапқа салады. Айта кетейік, өткен жылғы турнирді 137 миллионнан астам көрермен тамашаласа, жалпы қаралым саны 849 миллионнан асты. Ал Астанада өтетін жарысты 50 мыңнан астам көрерменнің тамашалауы күтілуде.
Турнир бағдарламасына PUBG: BATTLEGROUNDS, Dota 2, Counter-Strike 2, Mobile Legends: Bang Bang, фиджитал футбол, фиджитал баскетбол, FATAL FURY: City of the Wolves ойыны бойынша ММА ережесіндегі жекпе-жектер және Just Dance енген.
PUBG: BATTLEGROUNDS турнирі 31 шілде мен 2 тамыз аралығында Beeline Arena кешенінде өтеді. Dota 2 жарыстары 31 шілде мен 5 тамыз аралығында Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында ұйымдастырылады. Ал Counter-Strike 2 матчтары 4-8 тамыз күндері Beeline Arena аренасында өтеді.
Сонымен қатар турнирдің жарыстарын «Qazaqstan» спорт кешені, «Барыс Арена» және Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Жекпе-жек» сарайы қабылдайды.