Асыл Айтақын әлем чемпионатының қола жүлдегерін ірі есеппен жеңіп, медальға жақындай түсті

ҚР ҰОК
Қазақстандық еркін күрес шебері Асыл Айтақын Астанада өтіп жатқан әлем чемпионатында үшінші жеңісіне қол жеткізіп, 61 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жартылай финалға жолдама алды.
Ширек финалда отандасымыз әлем және Еуропа чемпионаттарының қола жүлдегері атанған германиялық Хорст Лермен белдесті. Айтақын тәжірибелі қарсыласын 8:1 есебімен сенімді түрде жеңіп, әлем чемпионатының үздік төрттігіне енді.
Асыл жарысты Қырғызстан өкілі Өмүрбек Асан уулуын 4:0 есебімен жеңуден бастады. Одан кейін әзербайжандық Нураддин Новрузовпен кездесіп, тартысты белдесуде 5:4 есебімен басым түсті.
Енді қазақстандық балуан әлем чемпионатының финалына шығу үшін күреседі. Жартылай финалдық белдесулер 30 қазан күні Астана уақытымен сағат 16:30-да басталады.
Ал 61 келіге дейінгі салмақтағы жүлделер 31 қазан күні кешкі бағдарлама аясында сарапқа салынады.