Кайл Снайдер күрестен әлем чемпионатының финалына шықты

Фото: Getty Images
Америкалық еркін күрес шебері Кайл Снайдер Астанада өтіп жатқан 2026 жылғы әлем чемпионатының финалына жолдама алды.
97 келіге дейінгі салмақтың жартылай финалында Олимпиада чемпионы польшалық Збигнев Барановскимен белдесті. Снайдер кездесуді толық бақылауда ұстап, қарсыласына бірде-бір ұпай бермей, 5:0 есебімен жеңіске жетті.
Америкалық балуан финалға дейін түркиялық Алперен Токгёзді мерзімінен бұрын 10:0 есебімен жеңді. Одан кейін екі дүркін Олимпиада чемпионы Абдулрашид Садулаевтан басым түсті. Ширек финалдағы белдесу 4:4 есебімен аяқталғанымен, қосымша көрсеткіштер бойынша Снайдердің жолы болды.
Ал Збигнев Барановски жартылай финалға дейін үш белдесуде жеңіске жетті. Ол нигериялық Харрисон Оноввиомогбохвоны 6:1, украиналық Василий Совуды 10:0 және грузиялық Гиви Матчарашвилиді 8:3 есебімен жеңді.
Снайдердің финалдағы қарсыласы жапониялық Араш Йошида болады. Ол екінші жартылай финалда Бахрейн өкілі Ахмед Тажудиновты мерзімінен бұрын таза жеңіспен ұтты.
Айта кетейік, Кайл Снайдер 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарында алтын медаль иеленіп, Токио Олимпиадасында күміс жүлдегер атанды. Сонымен қатар ол әлем чемпионатында төрт рет топ жарған. Оның қоржынында әлем біріншіліктерінің екі күміс және екі қола медалі де бар.