Ризабек Айтмұхан Садулаевқа есе жіберді

Фото: UWW
Қазақстандық еркін күрес шебері Ризабек Айтмұхан Астанада өтіп жатқан 2026 жылғы әлем чемпионатында екі дүркін Олимпиада чемпионы Абдулрашид Садулаевтан жеңіліп қалды.
97 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өткен белдесуде алғашқы ұпайды 22 жастағы қазақстандық балуан төрешілердің челленджінен кейін иеленді. Алайда ресейлік балуан қарсы әдіс жасап, төрт ұпай еншіледі. Қалған уақытта Садулаев басымдығын сақтап, 4:1 есебімен жеңіске жетті.
Бұл — Айтмұханның биыл Садулаевтан екінші рет жеңілуі. Ақпан айында Албанияның Тирана қаласында өткен Мұхамет Мало мемориалындағы рейтингтік турнирде қазақстандық балуан қарсыласына 3:14 есебімен есе жіберген еді. Кейін Ризабек сол жарыстың қола жүлдегері атанды.
Дегенмен Айтмұханның әлем чемпионатында қола медаль үшін күресу мүмкіндігі әлі бар. Ол үшін Садулаев финалға шығуы керек. Бұл жағдайда қазақстандық балуан жұбаныш белдесуіне қатысу мүмкіндігіне ие болады.
Еске салайық, Ризабек Айтмұхан 2023 жылы 92 келіге дейінгі салмақта алтын медаль жеңіп алып, Қазақстан тарихында еркін күрестен тұңғыш әлем чемпионы атанған еді. Ал Абдулрашид Садулаев — екі дүркін Олимпиада чемпионы және әлем чемпионатының алты дүркін жеңімпазы.
Күрес түрлерінен әлем чемпионаты 24 қазан мен 1 қараша аралығында Астанадағы «Барыс Аренада» өтіп жатыр. Жұбаныш белдесулері мен жүлде үшін кездесулер 30 қазанға жоспарланған.