Елдос Сметов Әлемдік Grand Slam жарысында жартылай финалға шыға алмады

Фото: Getty Images
Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов дзюдодан Әбу-Дабиде (БАӘ) өтіп жатқан Grand Slam турнирінің жартылай финалына шыға алмады.
Қазақстандық спортшы қола жүлде үшін күресті жалғастырады.
60 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Сметов алғашқы екі белдесуінде жеңіске жетті. Алдымен Тәжікстан өкілі Мехрзод Суфиевтен басым түссе, кейін Қытай дзюдошысы Ма Юлиньді жеңді.
Алайда ширек финалда отандасымыз Әзербайжан балуаны Балабай Агаевқа есе жіберіп, алтын медаль үшін күресті тоқтатты.
Енді Сметов жұбаныш белдесуінде украиналық Артем Лесюкпен кездеседі. Жеңіске жетсе, қола жүлде үшін белдесуге мүмкіндік алады.
Белгілі бір жағдайда қола медаль үшін екі қазақстандық дзюдошы өзара кездесуі мүмкін. Талғат Орынбасар жартылай финалға жолдама алып, онда тәжікстандық Лоик Кудбудиновпен белдеседі. Егер жеңіліп қалса, Орынбасар да қола жүлдеге таласады.
Бұдан бөлек, 66 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Ғұсман Қырғызбаев та жұбаныш белдесуі арқылы жүлдеге таласу мүмкіндігін сақтап қалды.
Айта кетейік, БАӘ астанасында өтіп жатқан Grand Slam турнирі 29-31 қазан аралығында өтеді.