Басты бет
·
MMA/UFC

Қуат Хамитов пен Алексей Махно ACA турнирі алдында таразыға түсті

Бекарыс Әлімхан··
Фото: ACA

Фото: ACA

Қазақстандық файтер Қуат Хамитов ACA 209 турнирі алдында ресейлік Алексей Махномен жекпе-жекке шығу үшін салмақ өлшеу рәсімінен өтті.

Хамитовтың салмағы 78 келі болса, қарсыласы 77,9 келі көрсетті. Екі спортшының салмақ айырмашылығы небәрі 100 грамм болды. Жекпе-жек жартылай орта салмақта өтіп, турнирдің негізгі кардында жоспарланған.

Қазақстандық пен ресейлік файтердің кездесуі бұған дейін төрт рет өтпей қалған. Оның екеуі Fight Nights промоушенінде, тағы екеуі ACA ұйымында тоқтатылған. Бірнеше рет анонс жасалғанымен, спортшылар әлі күнге дейін тор ішінде кездескен жоқ.

2025 жылдың қазанында Қуат Хамитов ACA 194 турнирінде Анатолий Бойконы төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңген еді. Жекпе-жектен кейін қазақстандық файтер Алексей Махномен көз арбасу рәсімін өткізді. Олардың кездесуі сол жылдың желтоқсанына жоспарланғанымен, тараптар қаржылық шарттарды келісе алмады. 2026 жылдың тамызында жекпе-жекті ұйымдастырудың тағы бір әрекеті де сәтсіз аяқталды.

Айта кетейік, 38 жастағы Қуат Хамитовтың еншісінде 25 жеңіс пен тоғыз жеңіліс бар. Ал 36 жастағы Алексей Махно 40 жекпе-жек өткізіп, 27 рет жеңіске жеткен және 13 рет жеңілген. Ресейлік файтер алдағы кездесуге қатарынан үш жеңілістен кейін шығады.

ACA 209 турнирі 30 қазанда Душанбедегі Теннис сарайы мен су спорт түрлері кешенінде өтеді. Кештің басты жекпе-жегінде орта салмақта Фаридун Одилов пен Артем Фролов кездеседі.

Қуат Хамитов пен Алексей Махно ACA турнирі алдында таразыға түсті – sport-hub