Басты бет
·
Футбол

«Аталанта» «Қайратпен» матч қарсаңында Сарридің қызметінен кетуін қарастыруда

Али Асетов··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Италиялық «Аталантаның» бас бапкері Маурицио Сарри алматылық «Қайратпен» Конференция лигасындағы кездесу қарсаңында қызметінен айырылуы мүмкін.

Бұған бергамолық клубтың Италия чемпионатындағы сәтсіз нәтижелері себеп болған.

La Gazzetta dello Sport басылымының мәліметінше, «Аталанта» басшылығы 67 жастағы маманмен ынтымақтастықты жалғастыру мәселесін қарастырып жатыр. Команда ұлттық біріншіліктің алғашқы он турында бес рет жеңіліп, қарсыластарына 20 гол соғуға мүмкіндік берген.

«Пармаға» 0:3 есебімен ойсырай ұтылғаннан кейін жағдай күрделене түсті. Бергамолық клубтың техникалық директоры Кристиано Джунтоли футболшылардың ойынын көпшілік алдында сынға алып, мұндай өнер көрсетуге болмайтынын мәлімдеді.

Сарридің болашағына қатысты түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ. Алдағы күндері «Аталантаны» екі матч күтіп тұр: еурокубок аясында «Қайратпен», ал Италия чемпионатында «Монцамен» кездеседі. Бұл ойындардың нәтижесі бас бапкердің тағдырына әсер етуі мүмкін.

Италиялық маманның ықтимал ізбасарларының қатарында бұған дейін «Ювентус» пен «Тоттенхэмді» жаттықтырған хорватиялық Игор Тудор да аталады.

Командалардың Конференция лигасындағы нәтижелері

Алматылық «Қайрат» екі турдан кейін бір ұпай жинады. Қазақстандық клуб латвиялық «Ригамен» 1:1 есебімен тең түсіп, кейін грекиялық «Панатинаикосқа» 1:5 есебімен ірі есеппен жеңілді.

«Аталанта» турнирді кипрлік «Пафосты» 3:1 есебімен жеңуден бастады. Алайда келесі ойында амстердамдық «Аякстан» 0:2 есебімен ұтылды. Италиялық команданың еншісінде үш ұпай бар.

Командалар арасындағы кездесу 5 қарашада Бергамодағы «Нью Баланс Арена» стадионында өтеді. Матч Қазақстан уақытымен 22:45-те басталады.