ATP рейтинг жүйесі мен турнир күнтізбесін өзгертуді ұсынды

Фото: ATP
Кәсіби теннисшілер қауымдастығы (ATP) ерлер теннисіне ауқымды өзгерістер енгізуді ұсынды. Реформа 2028 жылдан бастап күшіне енуі мүмкін. Жоспар бойынша теннисшілерге жыл сайын төленетін қаражат 350 миллион долларға дейін жетеді.
Бұл бастаманы ATP төрағасы Андреа Гауденци көтерді. Ол кәсіби турдың болашағына арналған ашық хат жариялады. Ұсыныстар спортшыларға қаржылай қолдау көрсету, рейтинг жүйесін өзгерту, турнир күнтізбесін қайта қарау және жұптық жарыстардың форматын жетілдіруді қамтиды.
Басты ұсыныстардың бірі – бонустық қорды 21,5 миллион доллардан 50 миллион долларға дейін ұлғайту. Сонымен қатар маусымды әлемдік рейтингтің үздік 250 теннисшісі қатарында аяқтаған спортшыларды қолдауға жыл сайын 25 миллион доллар бөлу жоспарланып отыр. Тағы шамамен 30 миллион доллар 300 теннисшіге арналған зейнетақы бағдарламаларына бағытталмақ.
Жыл сайынғы 350 миллион доллар көлеміндегі төлемге «Үлкен дулыға» турнирлерінің жүлде қоры кірмейді.
Рейтинг ұпайларын есептеу жүйесі де өзгеруі мүмкін. ATP ірі турнирлердегі нәтижелердің маңызын арттырып, теннисшілердің рейтингтегі орнын сақтап қалу үшін қосымша жарыстарға қатысу қажеттілігін азайтуды ұсынып отыр. Бұл спортшылардың маусым бойындағы жүктемесін төмендетуге мүмкіндік береді.
Ұйым турнир күнтізбесін де қайта қарастыруды көздейді. Әртүрлі санаттағы жарыстарға жеке апталар бөлу және ATP-250 турнирлерінің санын қысқарту мәселесі талқыланып жатыр. Сонымен қатар 2028 жылдан бастап Сауд Арабиясында ATP-1000 санатындағы оныншы турнир өткізу жоспарланған.
Жұптық жарыстарға да өзгерістер енгізілуі мүмкін. ATP турнир форматын және негізгі кезеңдердегі қатысушылар санын қайта қарастыруды зерттеп жатыр. Осы өзгерістер арқылы үнемделген қаражатты жекелей сындағы іріктеу кезеңі мен алғашқы айналымдардағы теннисшілердің жүлде қорын арттыруға жұмсау жоспарланған.