«Балалар аш қалуда»: Шавкат Рахмоновтың жұбайы пәтерді қайтаруды талап етті

Темирлан Мажекенов ··
Фото: instagram.com/kerey_khan03

Фото: instagram.com/kerey_khan03

Казақстандық UFC жауынгері Шавкат Рахмоновтың жұбайы Гүлайым Рахмонова пәтеріне қатысты мәселені көпшілік алдында көтеріп, оны қайтаруды талап етті.

Ол Instagram желісіндегі стористе ұзақ жазба жариялап, балалардың жағдайына алаңдаушылық білдірген.

«Осы уақытқа дейін бала үшін сабыр сақтап үнсіз келдім. Шавкаттың анасы менің пәтерімді және балаларға тиесілі дүниені қайтарсын! Мен ұлымды қайтардым, енді пәтерімді қайтарыңыздар! Балаларымды асырауым керек, дәрі-дәрмек алуға да қаражат жоқ. Балалар аш қалуда», — деп жазды ол.

Гүлайым Рахмонова өз жазбасында адвокат арқылы мәселені бейбіт түрде шешуге дайын екенін, әйтпесе істі жария түрде көтеретінін де атап өтті.

instagram.com/kerey_khan03

instagram.com/kerey_khan03

Шавкат Рахмоновтың отбасы төңірегіндегі жағдайы соңғы уақытта қоғам назарында қалып отыр. Бұл жағдай ажырасу үдерісі, отбасылық жанжал және жол-көлік оқиғасына байланысты қылмыстық іс аясында өрбіген.

Оқиға 2025 жылдың жазында Жамбыл облысында болған. Сол кезде Гүлайым Рахмонова Toyota Land Cruiser көлігін тізгіндеп, рөлге ие бола алмай, жол талғамайтын көлікпен аударылған. Апат салдарынан екі жолаушы, әйелдің әпкесі мен құрбысы көз жұмған. Ал өзі мен кәмелетке толмаған баласы түрлі жарақат алған.

2026 жылдың наурыз айында сот оны кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. Алайда жазаны өтеу бес жылға кейінге шегерілген.

Осы кезеңмен қатар Гүлайым Рахмонова жұбайымен ажырасқанын да жариялаған. Ол кезде отбасында төрт бала тәрбиеленіп жатқан, ал өзі бесінші сәбиге жүкті болған.