Балогун АҚШ жанкүйерлеріне үндеу жасады

Али Асетов··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

АҚШ құрамасының шабуылшысы Фоларин Балогун 2026 жылғы әлем чемпионатындағы сәтсіз аяқталған жорықтан кейін жанкүйерлерге арнап әсерлі жазба жариялады.

Футболшы Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында бұл жеңіліс ойыншылар үшін де, АҚШ құрамасын қолдаған жанкүйерлер үшін де ауыр соққы болғанын мойындады.

Балогуның айтуынша, әлем чемпионатында қайта өнер көрсету мүмкіндігін күту оңай болмайды. Өйткені келесі мундиальға дейін тағы төрт жыл күтуге тура келеді.

«Әлемдік додада қайта ойнау мүмкіндігіне ие болу үшін тағы төрт жыл күту өте ауыр. Жанкүйерлерімізден кешірім сұрағым келеді. Ең маңызды сәтте біз өзіміздің ең үздік ойынымызды көрсете алмадық және сендердің үміттеріңді ақтай алмадық. Бірақ АҚШ-та футбол дамуын жалғастырып келеді. Талант та, сенім де, құштарлық та бұрынғыдан күшейе түсті. Ең жарқын күндеріміз әлі алда. Біз міндетті түрде қайта ораламыз. Неге дәл біз емес? Еліміз үшін. Туымыз үшін», – деп жазды Балогун.

АҚШ құрамасы әлем чемпионатының 1/8 финалында Бельгиядан 1:4 есебімен жеңіліп, турнирдегі өнерін аяқтады.

Еске салайық, Балогуның бұл матчқа қатысуы соңғы сәтке дейін белгісіз болды. Бұған дейін Босния және Герцеговинаға қарсы кездесуде ол 64-минутта, АҚШ 1:0 есебімен алда тұрған кезде алаңнан қуылған еді. Алайда кейін ФИФА күтпеген шешім қабылдап, оның дисквалификациясын уақытша қолданбады. Соның нәтижесінде шабуылшы Бельгияға қарсы матчқа қатысу мүмкіндігіне ие болды.