«Барселона» – «Валенсия» матчында Родри әріптесін жарақаттап алды

Бекарыс Әлімхан··
Фото: Marcel Van Dorst / NURPHOTO / NURPHOTO via AFP

Фото: Marcel Van Dorst / NURPHOTO / NURPHOTO via AFP

«Барселонаның» қорғаушысы Эрик Гарсия Испания чемпионатының төртінші турында «Валенсияға» қарсы өткен жеңісті матчта (5:0) мұрнын сындырып алды.

Оқиға кездесудің 25-минутында бұрыштама добы орындалған сәтте болды. Родри позиция үшін талас кезінде артында тұрған әріптесін байқамай, Гарсияның бетіне маңдайымен соғып алған. Қорғаушының мұрнынан қан кетіп, ол ойынды жалғастыра алмады. Гарсияның орнына алаңға Жюль Кунде шықты.

Медициналық тексеру нәтижесінде мұрынның жаңа сынығы және мұрын қалқасының ығысуы анықталды. Mundo Deportivo мәліметінше, «Барселонаның» дәрігері Рикард Пруна киім ауыстыратын бөлмеде мұрын қалқасын орнына түсірген. Гарсия алаңға оралғаннан кейін қорғаныс маскасымен ойнайды деп күтілуде.

Айта кетейік, футболшы дәл осындай жарақатты 2025 жылдың қарашасында Чемпиондар лигасының «Брюгге» командасына қарсы матчында (3:3) алған болатын. Алайда сол кезде Гарсия үш күннен кейін-ақ алаңға қайта оралып, бірнеше апта бойы маскамен өнер көрсеткен.

«Барселона» «Валенсияны» 5:0 есебімен ойсырата жеңіп, Ла Лиганың төрт турында 12 ұпай жинап, турнир кестесінің көшін бастады.