«Барселонаның» бұрынғы капитаны Карлес Пуйоль футболға қайта оралды

«Интер Эскальдес» ФК
«Барселона» мен Испания құрамасының бұрынғы капитаны Карлес Пуйоль Андорраның «Интер Эскальдес» клубында қызмет атқаратын болды.
Клубтың баспасөз қызметі хабарлағандай, 48 жастағы испаниялық маман халықаралық футбол және байланыстар жөніндегі директор қызметіне тағайындалды.
Пуйоль 20 қарашадан бастап жаңа қызметіне кіріседі. Ол клубтың халықаралық байланыстарын дамытуға және Андоррадан тыс жерлердегі беделін арттыруға жауапты болады.
«Клубты осы уақытқа дейін жеткен жетістіктерімен құттықтағым келеді. Жеңіске жету әрқашан қиын, ал жоғары деңгейде тұрақты қалу одан да қиын. Біздің міндетіміз – бұрынғы амбициямыз бен ынтамызды сақтап, дамуды жалғастыру және жаңа мақсаттарға жету», – деді Пуйоль.
Биылғы маусымда «Интер Эскальдес» УЕФА Конференция лигасының жалпы кезеңіне жолдама алған Андорраның алғашқы клубы атанды. Үш турдан кейін команда ұпай жинай алмай, турнир кестесінде 35-орында тұр.
Еске салайық, Карлес Пуйоль 2014 жылы футболшы ретіндегі мансабын аяқтаған. Ол бүкіл кәсіби мансабын «Барселонада» өткізіп, каталониялық клубпен бірге алты рет Испания чемпионы және үш рет Чемпиондар лигасының жеңімпазы атанды.
Сондай-ақ Испания құрамасы сапында 2008 жылғы Еуропа чемпионаты мен 2010 жылғы әлем чемпионатында топ жарды.