Басты бет
·
Хоккей

«Барыс» америкалық қақпашы Хантер Шепардпен қоштасты

Аружан Талғат··
«Барыс» ХК

«Барыс» ХК

Астаналық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) 2026/27 жылғы маусымы барысында қақпашылар құрамын жаңартуды жалғастырып жатыр. Қазақстандық клуб 31 жастағы америкалық қақпашы Хантер Шепардпен келісімшарттың бұзылғанын ресми түрде хабарлады.

Тараптар келісімшартты өзара келісім негізінде тоқтатқан.

Шепард «Барыс» сапына 2026 жылдың жазында қосылып, бір маусымға келісімшарт жасасқан болатын. Алайда америкалық қақпашы командада өзін толық көрсете алмады.

Биылғы ҚХЛ маусымында ол 13 кездесуге қатысып, төрт жеңіске жетті. Сондай-ақ бір матчта қақпасына гол жіберген жоқ.

Дегенмен қақпашының статистикалық көрсеткіштері көңіл көншітпеді. Шепард қарсыластар соққыларының 87,5 пайызын қайтарып, сенімділік коэффициенті 3,37 болды. Яғни бір кездесуде орта есеппен үш шайбадан көп жіберген.

Айта кетейік, америкалық хоккейші Қазақстанға үлкен тәжірибемен келген еді. Ол бұған дейін «Херши Беарс» сапында екі рет Колдер кубогын жеңіп алған.

Сонымен қатар 2023/24 жылғы маусымның қорытындысы бойынша Америка хоккей лигасының үздік қақпашысы атанған болатын.

Алайда Шепард мұхиттың арғы жағындағы жетістіктерін «Барыс» сапында қайталай алмады.

Қазақстандық клуб ресми мәлімдемесінде хоккейшіге атқарған жұмысы үшін алғыс айтып, алдағы мансабына сәттілік тіледі.

Ал «Барыс» қақпашылар шебін күшейту үшін жаңа ойыншыны қатарға қосып үлгерді.

12 қарашада астаналық клуб Челябінің «Трактор» командасымен алмасу келісімін жасап, 26 жастағы ресейлік қақпашы Дмитрий Николаевты қабылдады. Ал «Трактор» ақшалай өтемақы алды.

Николаевтың ҚХЛ-да тәжірибесі мол. Ол бұған дейін СКА, «Спартак» және «Трактор» клубтарында өнер көрсеткен. Сондай-ақ Ресей құрамасына шақырылған.

Жалпы ҚХЛ-да 175 матч өткізіп, 95 жеңіске жеткен.

Биылғы маусымда «Трактор» сапында он кездесуге қатысып, алтауында жеңіске жетті. Қарсыластар соққыларының 92,8 пайызын қайтарып, сенімділік коэффициенті 2,20 болды.

«Барыс» америкалық қақпашы Хантер Шепардпен қоштасты – sport-hub