«Барыс» легионерлерге сенім артып отыр, бірақ өз ойыншыларын да назардан тыс қалдырмайды

«Барыс» ХК
15 шілде күні екіжақты келісімшарты бар қазақстандық хоккейшілер медициналық тексерістен өтіп, мұз айдынындағы алғашқы жаттығуын өткізді.
Енді олар «Барыс» сапынан орын алу үшін бар күшін салуы керек. Өздерін жақсы қырынан көрсеткен ойыншылар Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) өнер көрсетсе, бас бапкер Михаил Кравецтің талаптарына сай келмегендері Қазақстан чемпионатында «Номад» клубының намысын қорғайды.
Елордалық клубпен екіжақты келісімшартқа қол қойған немесе оны ұзартқан хоккейшілер қатарында 2026 жылғы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының үздік ойыншысы атанған шабуылшы Батырлан Мұратов, қорғаушылар Артем Королёв, Кирилл Никитин, Бейбарыс Оразов, сондай-ақ шабуылшылар Семен Симонов, Всеволод Логвин және Кирилл Ляпунов бар. Алайда олардың ешқайсысына да «Барыстың» негізгі құрамынан орын алдын ала кепілдендірілмеген. Ал сынақ келісімшартымен жүрген жас ойыншылар үшін бәсекенің одан да қиын екені анық.
«Өз тәрбиеленушілерімізбен келісімшарттарды ұзарту – клуб құрамының тереңдігін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Жігіттер өткен маусымды жоғары деңгейде өткізіп, «Номадпен» бірге Қазақстан чемпионы атанды. Сонымен қатар олар ҚХЛ-де тәжірибе жинақтап, Қазақстанның ұлттық құрамасы сапында дебют жасады. Қазір олар – біздің ең жақын резервіміз және біз олардың әрі қарай дамуына сенім артамыз», – деді «Барыстың» бас менеджері Леонид Метальников клубтың баспасөз қызметіне берген пікірінде.
Ашығын айтқанда, Семен Симонов пен Всеволод Логвин секілді ойыншылар өткен ҚХЛ маусымында және әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы сапында өзін жақсы қырынан көрсетіп, біржақты келісімшартқа әбден лайық екенін дәлелдеді. Ал тәжірибелі Кирилл Панюков 2026 жылғы әлем чемпионатына қатысатын ұлттық құраманың қатарына енбесе де, жуырда онымен жаңа біржақты келісімшарт жасалды. Демек, Симонов пен Логвиннің жалғыз «кемшілігі» – олардың әлі де жас болуы.

Фото: ХК «Барыс»
1 тамыздан бастап жастар құрамына бапкерлер штабы мен клуб басшылығы негізгі құрамның көшбасшылары ретінде қарастыратын хоккейшілер қосылады. Олардың қатарында қазақстандық ойыншылар да аз емес. Атап айтқанда, қақпашылар Никита Бояркин, Андрей Шутов, Владислав Нұрек, қорғаушылар Әділ Бекетаев, Самат Данияр, Тамирлан Гайтамиров, сондай-ақ шабуылшылар Кирилл Савицкий, Алихан Асетов, Кирилл Панюков, Алихан Өмірбеков, Ансар Шайхмедденов және Дінмұхамед Қайыржан бар.
Сонымен қатар «Барыс» Владивостоктың «Адмирал» клубынан 28 жастағы орталық шабуылшы Аркадий Шестаковты өз қатарына қайтарды. Соңғы уақытта оның нәтижелілігі сәл төмендегенімен, бетпе-бет доп тастаудағы (вбрасывание) сенімді ойыны әлі де жоғары бағаланады.
«Аркадий Шестаков – өте еңбекқор орталық шабуылшы. Ол күштік күрестен қашпайды, команда үшін үлкен көлемдегі қара жұмысты атқаруға әрдайым дайын. Шестаков – Қазақстан ұлттық құрамасының көшбасшыларының бірі. Біз оның бетпе-бет доп тастаудағы әлеуетін жақсы білеміз, бұл көрсеткіш бойынша ол үнемі жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Осы трансфер арқылы команданың орталық шебін күшейтеміз», – деді «Барыстың» бас менеджері Леонид Метальников.

Фото: ХК «Барыс»
Құрамда қазақстандық ойыншылардың көп болғаны көңіл қуантады. Дегенмен клубтың негізгі үміті бәрібір легионерлерге артылатын сияқты. Өткен маусымнан қорғаушылар Джейк Масси мен Иэн Маккошен, сондай-ақ шабуылшылар Тайс Томпсон мен Мэйсон Морелли сақталып қалды.
Әсіресе Джейк Массидің командада қалуы маңызды болды. Онымен екі жылдық жаңа келісімшарт жасалды. Ол қорғаныста да, шабуылда да жоғары деңгейде ойнайтын әмбебап хоккейші. Мәскеудің «Динамосы» да оған қызығушылық танытқанымен, Масси «Барыста» қалуды жөн көрді.
Ресейлік журналист Иван Невскийдің пікірінше, легионер Қазақстанда ойнауды таңдаған. Себебі мұнда қаржыны аударуға қатысты қиындық жоқ, әуежайлар қалыпты жұмыс істейді, ал жетекші клубтармен салыстырғанда талаптар да жеңілірек. Осындай артықшылықтардың арқасында «Барыс» ойыншыны өз құрамында сақтап қала алды.
Ал шабуылға белсенді қосылатын қорғаушы Райли Уолшты елордалық клуб ұстап қала алмады. Ол бастапқыда «Барыспен» жаңа келісімшарт жасасқанымен, кейіннен Ұлттық хоккей лигасындағы (ҰХЛ) әйгілі «Монреаль Канадиенс» клубынан ұсыныс алды. Қаржылық тұрғыдан бұл ұсыныс «Барыстың» келісімінен төмен болғанына қарамастан, хоккейші әлемнің ең мықты лигасында өнер көрсетуді таңдады. «Барыс» өз кезегінде ойыншының таңдауына түсіністікпен қарап, оның кетуіне кедергі келтірген жоқ.

Фото: ХК «Барыс»
Елордалық клуб Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) екі тәжірибелі қорғаушысымен келісімге келді. Олар – Челябінің «Трактор» клубынан Логан Дэй және Новосібірдің «Сибирь» командасынан Чейз Приски.
Логан Дэй қорғаныста, әсіресе команда аз құраммен ойнағанда сенімділікті арттырады деп күтілсе, Чейз Приски артық құраммен шабуыл ұйымдастыру кезінде креативтілігімен ерекшеленуі тиіс. Бір қызығы, екеуі де бұған дейін Америкалық хоккей лигасындағы (АХЛ) «Херши Беарс» клубында бірге өнер көрсетіп, Колдер кубогын жеңіп алған. Сондай-ақ «Барыстың» қорғаушысы Джейк Масси де осы клубтың түлегі, әрі ол кезінде Логан Дэймен бір жұпта ойнаған.
Ал шабуыл шебіндегі жалғыз жаңа легионер – канадалық Гарретт Пилон. Ол осы уақытқа дейінгі бүкіл мансабын Солтүстік Америкада өткізіп, соңғы үш маусымда Ұлттық хоккей лигасындағы (ҰХЛ) «Оттава Сенаторздың» фарм-клубы – «Беллвилл Сенаторз» сапында өнер көрсетті. Мамандардың айтуынша, Пилон – ойынды жақсы ұйымдастыратын, жоғары хоккейлық интеллекті бар плеймейкер. Соңғы жылдары оның гол соғу көрсеткіші төмендегенімен, клуб оны бірінші орталық шабуылшы ретінде қарастырып отыр.
Дегенмен оның қанатында кімдердің ойнайтыны әзірге белгісіз. Себебі Мэйсон Морелли мен Тайс Томпсон да өткен маусымда негізінен орталық шабуылшы қызметін атқарған болатын. Ал команданың үздік сұрмергені Майкл Веккьонені сақтап қала алмағаны өкінішті. Құжат жүзінде ол да орталық шабуылшы саналғанымен, «Барыста» көбіне қанатта ойнап, нәтижелі өнер көрсетті. Енді ол мансабын Нижний Новгородтың «Торпедо» клубында жалғастырады.
Жалпы, қазіргі таңда «Барыстың» құрамында орталық шабуылшылар тым көп сияқты. Үш шетелдік ойыншыдан бөлек, Аркадий Шестаков, Алихан Өмірбеков, Ансар Шайхмедденов және Всеволод Логвин де осы позицияда ойнайды. Төрт буын үшін мұндай ойыншылар саны артық көрінеді. Бұл мәселе енді клуб менеджментінің ойыншыларды позицияларға дұрыс іріктеу жұмысына байланысты.

Фото: Гарретт Пилон.
Соған қарамастан, «Барыстың» құрамды күшейтуге әлі де уақыты бар. Алғашқы оқу-жаттығу жиынынан кейін команда 17–20 тамыз аралығында Башқұртстан Республикасы кубогына, ал 27–30 тамыз күндері Николай Пучков турниріне қатысады. Екінші оқу-жаттығу жиынынан соң елордалық клуб ҚХЛ-дың жаңа маусымын бастайды.
Михаил Кравец шәкірттері тұрақты чемпионаттағы алғашқы ойынын 7 қыркүйекте Астанада Новосібірдің «Сибирь» клубына қарсы өткізеді.
Еске салсақ, 2025/26 жылғы ҚХЛ тұрақты чемпионатының қорытындысы бойынша «Барыс» Шығыс конференциясында оныншы орын алып, плей-офф кезеңіне шыға алмады.