«Барыс» маусым басталар алдында екі хоккейшімен қоштасты

Аружан Талгат··
Фото:  barys_official

Фото: barys_official

Астаналық «Барыс» жаңа ҚХЛ маусымы қарсаңында бірден екі ойыншымен қоштасқанын жариялады. Клуб қақпашы Никита Бояркинмен және қорғаушы Тамирлан Гайтамировпен келісімшартты тоқтатты.

Ресми мәлімдемеде екі келісімшарттың да клуб бастамасымен бұзылғаны айтылған. «Барыс» бұл шешімнің ҚХЛ-дің қолданыстағы регламентіне, сондай-ақ команданың спорттық және кадрлық мақсаттарына байланысты қабылданғанын түсіндірді.

Енді Михаил Кравецтің командасы осы хоккейшілерсіз чемпионатқа дайындықты жалғастырады. Алдағы апталарда астаналық ұжым екі маусымалды турнирге қатысады. Алдымен команда 17–20 тамыз аралығында өтетін Башқұртстан Республикасы кубогында өнер көрсетеді, кейін 27–30 тамыз күндері Николай Пучков атындағы турнирде ойнайды.

Жаңа ҚХЛ маусымын «Барыс» өз алаңындағы ойындар сериясымен бастайды. Алғашқы қарсылас новосібірлік «Сибирь» (7 қыркүйек), одан кейін астаналықтар уфалық «Салават Юлаевты» (9 қыркүйек) қабылдайды, ал бастапқы серия Хабаровскінің «Амурына» қарсы матчпен (12 қыркүйек) аяқталады.