Басты бет
·
Хоккей

«Барыс» қайтадан ҚХЛ плей-офф аймағынан шығып қалды

Аружан Талғат··
«Барыс» ХК

«Барыс» ХК

Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) плей-офф жолдамасы үшін тартыс күшейіп келеді. Астаналық «Барыс» Шығыс конференциясының үздік сегіздігінен қайта шығып қалды. Бұған Қазанның «Ак Барс» клубының сырт алаңда Хабаровскінің «Амурын» 5:3 есебімен жеңуі себеп болды.

Осы жеңістен кейін «Ак Барс» ұпай санын 33-ке жеткізіп, турнирлік кестеде алтыншы орынға көтерілді. Ал Михаил Кравец шәкірттері 31 ұпаймен тоғызыншы сатыға сырғыды.

Қазір плей-офф аймағындағы соңғы, сегізінші орында тұрған Челябінің «Тракторынан» елордалық клубты небәрі бір ұпай бөліп тұр.

Бір қызығы, «Барыс» бір күн бұрын ғана қатарынан үш жеңілістен тұратын сәтсіз сериясын тоқтатқан еді.

«Салават Юлаевтан» (3:5), «Авангардтан» (1:3) және Минскінің «Динамосынан» (1:2) жеңілген қазақстандық команда өз алаңында Череповецтің «Северсталін» 2:1 есебімен ұтты.

Сол кездесуде жеңіс шайбасын америкалық шабуылшы Джастин Бэйли соғып, «Барыстың» плей-офф аймағына қайта оралуына көмектескен болатын. Алайда астаналықтар үздік сегіздіктегі орнын сақтап қала алмады.

Енді Кравец шәкірттерін сырт алаңдағы күрделі ойындар сериясы күтіп тұр.

Алғашқы қарсылас – Санкт-Петербургтің СКА клубы. «Барыс» бұл командаға қарсы соңғы төрт кездесудің барлығында жеңілген. Биыл қыркүйекте өткен соңғы матчта да СКА 5:3 есебімен басым түскен еді.

Санкт-Петербургтегі ойыннан кейін қазақстандық клуб Нижнекамскіге, одан соң Екатеринбургке аттанады. Бұл қалаларда «Барыс» Гагарин кубогының плей-офф кезеңіне шығу жолындағы тікелей бәсекелестерімен кездеседі.

«Барыстың» алдағы матчтары:

  • 27 қараша: СКА – «Барыс»
  • 29 қараша: «Нефтехимик» – «Барыс»
  • 1 желтоқсан: «Автомобилист» – «Барыс»

СКА мен «Барыс» арасындағы кездесу 27 қараша, жұма күні Қазақстан уақытымен сағат 21:30-да басталады.

«Барыс» қайтадан ҚХЛ плей-офф аймағынан шығып қалды – sport-hub