«Барыс» «Северстальға» қарсы ҚХЛ матчына шығатын құрамын жариялады

Бүгін, 25 қарашада астаналық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) тұрақты чемпионатында Череповецтің «Северсталь» командасын қабылдайды. Кездесу «Барыс Аренада» Қазақстан уақытымен 19:00-де басталады.
Михаил Кравец шәкірттері алдағы ойынға қатарынан үш жеңіліспен келіп отыр. Қазақстандық клуб алдымен Уфада «Салават Юлаевқа» (3:5), кейін Омбының «Авангардына» (1:3) есе жіберді. Ал соңғы кездесуде өз алаңында Минскінің «Динамосынан» (1:2) жеңілді.
Бұған дейін астаналықтар Владивостоктың «Адмиралын» (4:2) және Магнитогорскінің «Металлургін» (5:4) жеңген болатын. Алайда кейінгі үш матчта бірде-бір ұпай жинай алмай, плей-офф аймағынан шығып қалды.
Ал «Северсталь» қатарынан алты кездесуде жеңіске жеткен. Андрей Козырев шәкірттері соңғы ойында сырт алаңда Новосібірдің «Сибирін» 4:2 есебімен ұтты.
Қарсыластар соңғы рет биыл ақпан айында Астанада кездескен. Ол кезде «Северсталь» овертаймда 3:2 есебімен басым түскен еді.
Матч қарсаңында «Барыс» 29 ұпаймен Шығыс конференциясында тоғызыншы орында тұр. Ал 38 ұпай жинаған «Северсталь» Батыс конференциясында үшінші сатыға жайғасқан.
«Барыстың» «Северстальға» қарсы матчқа арналған құрамы
Қақпашылар: Николаев (Нурек).
Бірінші бестік: Масси – Данияр, Морелли – Пилон – Бэйли.
Екінші бестік: Маккошен – Дэй, Симонов – Логвин – Томпсон.
Үшінші бестік: Диханбек – Приски, Өмірбеков – Шестаков – Қайыржан.
Төртінші бестік: Ляпунов – Оразов, Сәркенов – Шайхмедденов – Әсетов.