Басты бет
·
Хоккей

«Барыс» ҚХЛ-да қатарынан үшінші рет жеңіліп қалды

Дина Хамзина··
«Барыс» ХК

«Барыс» ХК

Астаналық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) 2026/2027 жылғы тұрақты чемпионатында Хабаровскінің «Амур» командасынан жеңілді.

8 қарашада Хабаровскідегі «Платинум-Аренада» өткен кездесу алаң иелерінің 2:0 есебіндегі жеңісімен аяқталды.

Бірінші кезеңде қос команда да есеп аша алмады. Ал 38-минутта «Амур» шабуылшысы Олег Ли сан басымдығын пайдаланып, алғашқы шайбаны соқты. Оған Абрамов пен Лихачёв нәтижелі пас берді.

Үшінші кезеңде «Барыс» есепті теңестіруге тырысқанымен, мүмкіндіктерін пайдалана алмады. Матчтың аяқталуына тоғыз секунд қалғанда Кирилл Ураков бос қақпаны дәл көздеп, қорытынды есепті орнатты.

Астаналық клуб жеңілгеніне қарамастан, соққылар саны бойынша қарсыласынан басым түсті. «Барыс» 74 соққы жасаса, «Амур» 51 рет соққы бағыттады. Оның ішінде қақпаға дәл тиген соққылар саны 36:22 болды.

Осылайша, «Барыс» қатарынан үшінші рет жеңіліп, Шығыс конференциясының турнирлік кестесінде бесінші орында қалды. Қазақстандық клуб 24 матчтан кейін 25 ұпай жинаған.

Ал 23 кездесуде дәл осындай ұпай еншілеген «Амур» төртінші орынға көтерілді.