Михаил Кравец «Барыстың» «Адмиралдан» жеңілу себептерін түсіндірді

«Барыс» ХК
Астаналық «Барыстың» бас бапкері Михаил Кравец Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) тұрақты чемпионатында Владивостоктың «Адмирал» командасынан 4:5 есебімен жеңілген матчқа қатысты пікір білдірді.
Маманның айтуынша, елордалық клуб шабуылда жақсы ойнағанымен, қорғаныста көп қателік жіберген. Әсіресе кездесудің аяқталуына екі минут қалғанда жіберілген шешуші шайба бапкердің көңілінен шықпаған.
«Бұл біз үшін өте маңызды матч болды. Өйткені екі команда да үздік сегіздікке ену үшін күресіп жатыр. Шабуылда жаман ойнаған жоқпыз, бірақ қорғаныстағы әрекетіміз көңіл көншітпеді. Сан жағынан аз құрамда ойнағанда қарсыласқа төтеп бердік, алайда матчтың аяқталуына екі минут қалғанда тең құрамда шайба жіберуге болмайды. Мұндай кездесуде жеңілу өте өкінішті. Бізде гол соғатын мүмкіндіктер жеткілікті болды, бірақ оларды тиімді пайдалануымыз керек еді», – деді Кравец.
Бас бапкер «Барыстың» есептегі басымдығын неге сақтап қала алмағанын да түсіндірді. Астаналық команда матч барысында 2:0 есебімен алға шығып, кейін 3:2 есебімен қайта басымдыққа ие болған еді.
«Барлығы өз қателіктерімізден болды. Шайбаны ойынға қосу кезінде және қақпа алдынан пас бергенде бұлай әрекет етуге болмайды. Қорғанысқа дер кезінде оралып, дұрыс позиция таңдау қажет. Осындай қателіктердің салдарынан қарсыласқа ойынға қайта оралуға мүмкіндік бердік», – деді маман.
Сонымен қатар Кравец ұзаққа созылған сырт алаңдағы ойындар хоккейшілердің физикалық жағдайына әсер еткенін мойындады. Дегенмен ол шаршауды жеңіліске сылтау еткісі келмейтінін айтты.
«Әрине, сырт алаңдағы сегізінші матчтың әсері бар. Бірақ мұндай ойыннан кейін қандай сылтау айтуға болады? Мұз айдынына шығып, жеңіске жету керек», – деді бапкер.
Еске салайық, «Барыс» Владивостокта «Адмиралға» 4:5 есебімен жол берді.
Михаил Кравец шәкірттері келесі кездесуін 8 қарашада Хабаровскіде жергілікті «Амур» командасына қарсы өткізеді.