«Барыс» ҚХЛ күш рейтингінде бірден тоғыз сатыға көтерілді

«Барыс» ХК
Астаналық «Барыс» ҚХЛ тұрақты чемпионатының сегізінші ойын аптасының қорытындысы бойынша ең мықты алты команданың қатарына енді.
Қазақстандық клуб күш рейтингіндегі орнын бірден тоғыз сатыға жақсартты.
Лига маусым басталғалы барлық команданың нәтижесін ескеретін күш индексінің жаңартылған нұсқасын жариялады. Алдыңғы рейтингте «Барыс» 15-орында болса, енді алтыншы сатыға жайғасты.
Рейтингті жасау кезінде қарсыластар арасында ұпайларды қайта бөлу жүйесі қолданылады. Негізгі уақытта жеңіске жеткен команда жеңілген қарсыласының рейтингтік ұпайларының төрттен бірін иеленеді. Егер матчтың тағдыры овертаймда немесе буллиттер сериясында шешілсе, бұл көрсеткіш 12,5 пайызды құрайды.
Турнирлік кестеден айырмашылығы, күш индексі клубтардың нәтижесін қарсыластарының деңгейін ескере отырып бағалауға мүмкіндік береді.
Шығыс конференциясында «Барыс» 21 матчтан кейін 25 ұпай жинап, үшінші орында келеді.
4 қарашада астаналық команда сырт алаңда челябілік «Трактормен» кездеседі. Матч Қазақстан уақытымен сағат 16:00-де басталады.