Басты бет
·
Хоккей

«Барыс» шабуылшысының шайбасы ҚХЛ апталығының үздік үштігіне енді

Бекарыс Әлімхан··
«Барыс» ХК

«Барыс» ХК

«Барыс» шабуылшысы Всеволод Логвиннің «Ак Барсқа» қарсы матчта соққан шайбасы Құрлықтық хоккей лигасы тұрақты чемпионатының төртінші ойын аптасындағы үздік үш голдың қатарына енді.

Логвин 30 қыркүйекте Қазан қаласында өткен кездесуде көзге түсті. Матчтың тоғызыншы минутында шабуылшы қарсылас аймағында шайбаны қабылдап, қорғаушының тасасынан дәл соққы жасап, есеп ашты. Алайда «Барыс» басымдығын сақтап қала алмай, «Ак Барсқа» 1:4 есебімен жол берді.

ҚХЛ жариялаған үздік 10 гол тізімінде Логвиннің шайбасы үшінші орынға жайғасты. Алғашқы екі орынға ЦСКА ойыншысы Дмитрий Бучельников пен «Автомобилист» шабуылшысы Максим Тарасов енді.

Қазан қаласындағы жеңілістен кейін елордалық команда сырт алаңдағы сериясын қатарынан екі жеңіспен аяқтады. «Барыс» «Нефтехимикті» овертаймда 5:4 есебімен жеңсе, кейін «Спартактан» буллиттер сериясында 4:3 есебімен басым түсті.

Енді команда ойындарын өз алаңында өткізеді. 10 қазанда «Барыс» «Авангардты» қабылдаса, 12 қазанда «Сибирьмен», 14 қазанда «Автомобилистпен» кездеседі.

«Барыс» шабуылшысының шайбасы ҚХЛ апталығының үздік үштігіне енді – sport-hub