«Барыс» тоғыз шайба соғылған матчта «Адмиралдан» жеңіліп қалды

«Барыс» ХК
Астаналық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) тұрақты чемпионатында Владивостоктың «Адмирал» командасынан жеңіліп қалды.
Сырт алаңда өткен тартысты кездесу ресейлік клубтың 5:4 есебімен жеңісімен аяқталды.
Матчты белсенді бастаған «Барыс» алғашқы тоғыз минутта екі шайба соғып үлгерді. Алдымен Асанәлі Сәркенов есеп ашса, артынша Логан Дэй қонақтардың басымдығын арттырды. Алайда бірінші кезең аяқталғанша Никита Моисеев есеп айырмасын қысқартты.
Екінші кезеңнің басында Даниэль Усманов таразы басын теңестірді. Дегенмен араға небәрі 13 секунд салып, Әлихан Өмірбеков «Барысты» қайта алға шығарды – 3:2.
Кейін алаң иелері қатарынан екі шайба соқты. Алдымен Лучевников мергендік танытса, Борна Рендулич сан басымдығын пайдаланып, «Адмиралды» алға шығарды.
Үшінші кезеңде елордалық клуб есепті теңестіруге күш салды. 52-минутта Джастин Бэйли көпшілікте ойнау мүмкіндігін пайдаланып, есепті 4:4-ке жеткізді.
Алайда кездесудің аяқталуына екі минут қалғанда Григорий Ващенко шешуші шайбаны соғып, «Адмиралға» жеңіс сыйлады.
ҚХЛ. Тұрақты чемпионат
«Адмирал» – «Барыс» – 5:4 (1:2, 3:1, 1:1)
Шайбалар:
0:1 – Сәркенов (05:59)
0:2 – Дэй (08:31)
1:2 – Моисеев (11:05)
2:2 – Усманов (21:07)
2:3 – Өмірбеков (21:20)
3:3 – Лучевников (33:01)
4:3 – Рендулич (39:13)
4:4 – Бэйли (51:10)
5:4 – Ващенко (57:57)
Осы жеңілістен кейін «Барыс» 23 матчта жинаған 25 ұпайымен Шығыс конференциясында үшінші орында қалды. «Адмиралдың» да еншісінде 25 ұпай бар, алайда Владивосток клубы бір саты төмен орналасқан.
Михаил Кравец шәкірттері келесі кездесуін 8 қарашада сырт алаңда Хабаровскінің «Амур» командасына қарсы өткізеді.