Басты бет
·
Футбол

«Бавария» Джамал Мусиаланың денсаулығына қатысты мәлімдеме жасады

Аружан Талғат··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Мюнхендік «Баварияның» жартылай қорғаушысы Джамал Мусиаланың денсаулығына байланысты жағдайы қызу талқыланып жатыр. Германиялық клуб футболшының болашағына қатысты тараған ақпаратқа жауап беріп, ресми ұстанымын білдірді.

Тамыз айынан бері Мусиала жаттығулар мен жолдастық кездесулер кезінде үш рет есінен танып қалған. Осы жағдайлардан кейін бұқаралық ақпарат құралдарында «Баварияның» негізгі ойыншыларының бірімен қоштасуы мүмкін екені туралы хабарлар тарады.

Клуб мәлімдемесіне сәйкес, Мусиаланың денсаулығындағы мәселелер туралы «Бавария» басшылығы өткен жылдың көктемінде-ақ білген.

Футболшы 2025 жылдың 22 сәуірінде абсансқа ұқсас неврологиялық белгілер байқалғаннан кейін алғашқы медициналық тексеруден өткен. Бұл тексеру команданың медициналық штабымен келісілген.

«Екі тарап үшін де футболшының денсаулығы бірінші орында тұр. Мусиала қалпына келу кезеңдерінің барлығында клубтың жан-жақты қолдауына сенім арта алады», – делінген «Баварияның» ресми мәлімдемесінде.

Бұл жағдайдағы маңызды жайттардың бірі – алғашқы медициналық тексерудің қашан жүргізілгені.

2025 жылдың ақпанында Мусиала мюнхендік клубпен 2030 жылдың жазына дейін есептелген жаңа ұзақмерзімді келісімшартқа қол қойған болатын. «Баварияның» ресми мәліметінше, алғашқы неврологиялық белгілер келісімшарт жасалғаннан кейін ғана байқалған.

Жартылай қорғаушының болашағына қатысты пікірталас клуб басшыларының мәлімдемелерінен кейін күшейе түсті.

Атап айтқанда, Карл-Хайнц Румменигге футболшы бұрынғы деңгейіне қайта орала алмаған жағдайда келісімшарттың қаржылық талаптарын қайта қарау мүмкіндігін жоққа шығармады.

Ал Кәсіпқой футболшылар қауымдастықтарының халықаралық федерациясы (FIFPRO) Мусиаланы қолдап шықты.

Ұйым «Бавария» басшыларының көпшілік алдында айтқан пікірлерін сынға алып, денсаулық мәселелері бұрын келісілген келісімшарт талаптарын өзгертуге негіз болмауы тиіс екенін атап өтті.

24 қараша, сейсенбі күні «Бавария» өкілдері футболшының агенттерімен кездесті. Тараптар келіссөздерді жабық форматта жалғастыруға уағдаласты.

Сонымен қатар мюнхендік клуб ресми мәлімдемесінде Мусиаламен қоштасуы мүмкін екені туралы ақпаратты растаған жоқ.

Айта кетейік, соңғы бір жарым жыл 23 жастағы футболшы үшін оңай болған жоқ.

2025 жылдың шілдесінде Мусиала клубтар арасындағы әлем чемпионатының ширек финалында ПСЖ-ға қарсы кездесуде ауыр жарақат алып, алаңға тек 2026 жылдың қаңтарында оралған еді. Кейін бұлшық ет жарақатына байланысты тағы да біраз уақыт ойнай алмады.

Өткен аптада жартылай қорғаушы Бундеслигада «Кельнге» қарсы өткен кездесуде (1:1) қосалқы құрамнан алаңға шығып, командасына қайта оралды.

Биылғы маусымда Мусиала бес матч өткізіп, екі гол соқты және бір нәтижелі пас берді.

«Бавария» Джамал Мусиаланың денсаулығына қатысты мәлімдеме жасады – sport-hub