Басты бет
·
Футбол

«Бавария» «Викингпен» күтпеген жерден тең түсті

Аружан Талғат··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Мюнхендік «Бавария» Чемпиондар лигасының екінші турында күтпеген жерден ұпай жоғалтты. Неміс клубы Норвегияның «Викинг» командасымен кездесуде 0:2 есебінен ойын барысын өзгертіп, алға шыққанымен, соңғы минутта гол жіберіп алды.

Алаң иелері турнир фавориттерінің бірін ойынның екінші минутында-ақ таңғалдырды. Джанни Стенснесс есеп ашып, «Викингті» алға шығарды.

«Бавария» бастаманы өз қолына алуға тырысқанымен, норвегиялықтар қарсыластың қысымына төтеп беріп қана қоймай, басымдығын еселей түсті. 38-минутта Петер Кристиансен екінші голды соқты. Осылайша, командалар үзіліске алаң иелерінің 2:0 есебімен басымдығымен кетті.

Екінші таймда ойын барысы өзгерді. 54-минутта Харри Кейн пенальтиді сәтті орындап, есеп айырмасын қысқартты. Ал алты минуттан кейін ағылшын шабуылшысы дубль жасап, таразы басын теңестірді.

Мюнхендік клуб шабуылын жалғастырды. 71-минутта Луис Диас гол соғып, «Баварияны» алға шығарды. Қонақтар Норвегиядан үш ұпай алып қайтатын сияқты көрінді.

Алайда екі минуттан кейін Майкл Олисе екінші сары қағаз алып, алаңнан қуылды. Нәтижесінде неміс командасы матчтың қалған бөлігін он ойыншымен өткізуге мәжбүр болды.

Сан басымдығын пайдаланған «Викинг» соңғы шабуылға шықты. 90-минутта Герман Хауген гол соғып, матчтың қорытынды есебін белгіледі – 3:3.

Чемпиондар лигасы. Жалпы кезең. 2-тур

«Викинг» (Норвегия) – «Бавария» (Германия) – 3:3 (2:0)

Голдар: Джанни Стенснесс (2), Петер Кристиансен (38), Герман Хауген (90) – Харри Кейн (54, пенальтиден; 60), Луис Диас (71).

Қызыл қағаз: Майкл Олисе («Бавария», 73-минут).

«Бавария» «Викингпен» күтпеген жерден тең түсті – sport-hub