Бельгия АҚШ-ты ойсырата жеңіп, әлем чемпионатының ширек финалына шықты

Бегасыл Амирбай ··
ФИФА

ФИФА

2026 жылғы әлем чемпионатының 1/8 финалында Бельгия құрамасы АҚШ-ты 4:1 есебімен жеңіп, ширек финалға жолдама алды.

2026 жылғы әлем чемпионаты. 1/8 финал

АҚШ – Бельгия – 1:4

Голдар: Тиллман 31 – де Кетеларе 9, 33, Ванакен 57, Лукаку 90+3.

Кездесу АҚШ-тың Сиэтл қаласындағы «Люмен Филд» стадионында өтті. Есепті 9-минутта Шарль де Кетеларе дәл соққымен ашты. 31-минутта Малик Тиллман айып добын шебер орындап, таразы басын теңестірді. Алайда араға екі минут салып, де Кетеларе баспен гол соғып, Бельгияны қайтадан алға шығарды.

57-минутта АҚШ қақпашысының қателігін тиімді пайдаланған Ханс Ванакен есеп айырмасын ұлғайтты. Ал ойынға қосылған уақыттың үшінші минутында Ванакен нәтижелі пас шығарып, Ромелу Лукаку допты қақпаның жоғарғы бұрышына дәл бағыттап, матчтың қорытынды есебін белгіледі.

Айта кетейік, топтық кезеңде Бельгия мен АҚШ өз топтарында бірінші орын алған болатын. Ал 1/16 финалда америкалықтар Босния және Герцеговинаны 2:0 есебімен жеңсе, бельгиялықтар Сенегалды 3:2 есебімен ұтқан еді.

Енді Бельгия құрамасы ширек финалда Испаниямен кездеседі.

2026 жылғы әлем чемпионаты АҚШ, Канада және Мексикада өтіп жатыр. Турнир 19 шілдеде аяқталады.

Бельгия АҚШ-ты ойсырата жеңіп, әлем чемпионатының ширек финалына шықты – sport-hub