Бельгия – Сенегал матчының үздік ойыншысы анықталды

Фото: ФИФА
Бельгия құрамасының жартылай қорғаушысы Юри Тилеманс 2026 жылғы әлем чемпионатының 1/16 финалында Сенегалға қарсы өткен матчтың үздік ойыншысы атанды.
Ағылшынның «Астон Вилла» клубының хавбегі 89-минутта есепті теңестіріп, ойынды қосымша уақытқа жеткізді. Ал 120+5-минутта пенальтиді сәтті орындап, жеңіс голының авторы атанды. Нәтижесінде Бельгия құрамасы 3:2 есебімен жеңіске жетіп, 2026 жылғы әлем чемпионатының 1/8 финалына шықты. Келесі кезеңде бельгиялықтар АҚШ құрамасымен кездеседі.
Бұған дейін топтық кезеңде Бельгия құрамасы жеті ұпай жинап, G тобында бірінші орын алған еді. Ал Сенегал үш ұпаймен I тобында үшінші орын алып, плей-офф кезеңіне жолдама алған болатын.
2026 жылғы әлем чемпионаты АҚШ, Канада және Мексикада өтіп жатыр және 19 шілдеде аяқталады.