Бельгияда 7200 жұмыртқадан алып омлет дайындалды

Фото: x_@PRI
Бельгияның Мальмеди қаласында 15 тамызда дәстүрлі алып омлет фестивалі өтті. Биыл еріктілер 7200 жұмыртқадан төрт метрлік табада ашық отта алып омлет әзірледі.
Euronews мәліметінше, тағамды дайындау жұмыстары көшеде жүргізілген. Алдымен еріктілер алып табада беконды қуырып, кейін алдын ала көпіртілген жұмыртқаны, көк шөп пен дәмдеуіштерді қосқан.
Тағамның көлемі өте үлкен болғандықтан, оны араластыру үшін ұзын қалақтар қолданылды. Омлет дайын болған соң бөліктерге бөлініп, жергілікті тұрғындар мен туристерге нанмен бірге тегін таратылды.
Фестиваль жыл сайын 15 тамызда Мальмедидегі Рим алаңында өткізіліп, мыңдаған қонақты жинайды.
Бұл дәстүр қалаға 1990-жылдардың ортасында Францияның Бессьер қаласынан келген. Ол жерде де алып омлет дайындайтын арнайы бауырластық ұйым бар.
Мальмедиде омлет дайындау алдында дәстүрлі түрде әлемдік алып омлет рыцарьлары бауырластығының жаңа мүшелерін қабылдау рәсімі өтеді.
Қызығы, фестивальде қолданылатын жұмыртқа саны жыл сайын әртүрлі болған. Мальмеди муниципалитетінің өткен жылдардағы фестивальдер туралы материалдарында 10 мың жұмыртқадан дайындалған алып омлет туралы да айтылады.