Берреттини Вавринканы жеңіп, US Open турнирінің екінші айналымына шықты

Фото: x_@atptour
Италиялық теннисші Маттео Берреттини US Open-2026 турнирінің бірінші айналымында «Үлкен дулыға» турнирлерінің үш дүркін чемпионы Стэн Вавринканы жеңді.
Әлемнің 43-ракеткасы Маттео Берреттини ATP рейтингінде 127-орында тұрған Вавринканы 7:6 (7:4), 7:6 (7:3), 6:0 есебімен ұтты.
Кездесу 2 сағат 53 минутқа созылды. Берреттини 13 эйс жасап, үш қосарланған қателікке жол берді және жеті брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Ал Вавринка жеті рет эйс жасап, алты қосарланған қателік жіберді және қарсыласының берген 12 брейк-пойнтының екеуін ғана жүзеге асырды.
Берреттини Вавринкамен өткізген екі кездесудің екеуінде де жеңіске жетті. Теннисшілер алғаш рет 2026 жылғы Уимблдон турнирінің бірінші айналымында кездескен. Сол матчта италиялық спортшы 6:7 (7:9), 7:6 (18:16), 7:6 (9:7), 7:6 (7:5) есебімен жеңіске жеткен болатын.
Екінші айналымда Берреттини аргентиналық Мариано Навонемен (ATP рейтингінде 49-орын) кездеседі.
Айта кетейік, 41 жастағы Вавринка үшін бұл «Үлкен дулыға» турнирлеріндегі соңғы матч болды. Швейцариялық теннисші маусым соңында кәсіби мансабын аяқтайтынын мәлімдеген. Ол 2016 жылы US Open турнирінде финалда Новак Джоковичті жеңіп, чемпион атанған.
US Open турнирінің қазіргі чемпионы — Карлос Алькарас. Ол 2025 жылғы финалда Янник Синнерді жеңген болатын.
Биылғы жарыс 30 тамыз бен 13 қыркүйек аралығында өтеді.