Бес матч – бес жеңіс: Қазақстан жартылай финалға сенімді өтті

Бегасыл Амирбай ··
Фото: kazvolley

Фото: kazvolley

Қазақстан әйелдер құрамасы AVC Ұлттар кубогының топтық кезеңіндегі соңғы матчында Вьетнамды жеңді. Тартысты өткен кездесу 3:2 (18:25, 25:19, 23:25, 25:22, 15:13) есебімен аяқталып, қазақстандық волейболшылар жартылай финалға бірінші орынмен жолдама алды.

Екі сағаттан астам уақытқа созылған матч барысында Қазақстан құрамасы екі рет есепте қалып қойған еді. Соған қарамастан отандастарымыз ойын тізгінін өз қолдарына алып, тай-брейкте жеңісті жұлып әкетті.

Бес матчта бесінші жеңісіне қол жеткізген Қазақстан құрамасы В тобында бірінші орын алып, жарыстың жартылай финалына тікелей шықты.

Қазақстандықтардың келесі қарсыласы А тобындағы ойындардың қорытындысы бойынша анықталады. Бұл топта плей-офф жолдамасы үшін Филиппин, Қытайлық Тайбэй, Оңтүстік Корея, Қырғызстан, Өзбекстан және Аустралия құрамалары бақ сынауда.

Қазіргі уақытта А тобынан Оңтүстік Корея мен Қытайлық Тайбэй құрамалары жартылай финалға шығуды мерзімінен бұрын қамтамасыз етіп қойды.