«Бешикташ» «Марсельді» ірі есеппен жеңді
Бөлісу

«Бешикташ»
Түркиялық «Бешикташ» Еуропа лигасының жалпы кезеңіндегі алғашқы турда француздың «Марсель» клубын 4:1 есебімен жеңді.
15-минутта Илхан Факилиди Джуниор Олайтанның нәтижелі пасынан кейін «Бешикташты» алға шығарды. Ал 30-минутта Кейлиан Абдалла есепті теңестірді. Осылайша командалар үзіліске 1:1 есебімен кетті.
Екінші таймда Ыстамбұл клубы жауапсыз үш гол соқты. 56-минутта Вацлав Черны мергендік танытса, араға үш минут салып Амир Мурильо бұрынғы командасының қақпасын дәл көздеді. Ойынның соңғы есебін 81-минутта алаңға қосалқы құрамнан шыққан Эрнест Поку белгіледі.
Екінші турда «Бешикташ» 16 қазанда сырт алаңда германиялық «Хоффенхайммен» кездеседі. Ал «Марсель» сол күні өз алаңында грек клубы «Олимпиакосты» қабылдайды.