Бибісара Асаубаева FIDE Women’s Circuit рейтингінде көшбасшылықты сақтап қалды

Аружан Талгат··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева 2026/2027 жылғы маусымдағы FIDE Women’s Circuit жалпы есебінде көш бастап келеді. Жаңартылған рейтингті Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) баспасөз қызметі жариялады.

4 тамыздағы жағдай бойынша қазақстандық спортшының еншісінде 51,30 ұпай бар. Бұл оған бірінші орынды сенімді түрде сақтауға мүмкіндік беріп отыр. Екінші орында 39,83 ұпай жинаған қытайлық Чжу Цзиньэр тұр. Үздік үштікті 29,70 ұпаймен үндістандық Вайшали Рамешбабу түйіндейді. Асаубаева алғаш рет 8 маусымда рейтинг көшбасшысы атанып, содан бері бірінші орынды ешкімге бермей келеді.

FIDE Women’s Circuit рейтингінің ТОП-5 үздігі:

Бибісара Асаубаева (Қазақстан) — 51,30

Чжу Цзиньэр (Қытай) — 39,83

Вайшали Рамешбабу (Үндістан) — 29,70

Харика Дронавалли (Үндістан) — 20,55

Анастасия Гнатышин (Украина) — 18,97

FIDE Women’s Circuit жалпы есебінің жеңімпазы автоматты түрде Үміткерлер турниріне жолдама алады. Бұл әлемдік шахмат циклындағы басты кезең. Дәл осы турнирде әлемнің ең мықты сегіз шахматшысы қазіргі әлем чемпионымен кездесуге мүмкіндік алу үшін бақ сынайды.

Асаубаева үшін рейтингтегі көшбасшылық әлем чемпионы атағы үшін күрес жолындағы маңызды қадам болып отыр. Маусым аяқталғанға дейін әлі бірнеше ірі турнир бар, алайда қазақстандық шахматшы әзірге ең жақын қарсыластарынан айқын басымдықпен алда келеді.