Бибісара Асаубаева Синдаровтың әлем чемпионатындағы матчы үшін Германиядағы турнирден бас тартты

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева 22–23 қараша күндері Германияның Штутгарт қаласында өткен WR Women’s Chess Tour сериясының қорытынды турниріне қатысудан бас тартты.
Chess.com мәліметінше, қазақстандық шахматшы тамыз айында Францияның Сен-Тропе қаласында өткен рапид турнирінде жеңіске жетіп, гранд-финалға жолдама алған болатын.
Алайда Асаубаева бұл мүмкіндікті пайдаланбай, 2026 жылғы әлем чемпионатында өзбекстандық гроссмейстер Жавохир Синдаровтың жанында болуды таңдаған.
«Франциядағы рапид турнирінде жеңіске жету арқылы гранд-финалға жолдама алған гроссмейстер Бибісара Асаубаева 2026 жылғы ФИДЕ әлем чемпионатында Жавохир Синдаровқа қосылу үшін шақырудан бас тартты. Оның орнына Мария Музычук қатысты. Осылайша турнирде апалы-сіңлілі Музычуктердің екеуі де өнер көрсетті», – делінген басылым ақпаратында.
WR Women’s Chess Tour гранд-финалына сегіз шахматшы қатысып, блиц және рапид бойынша бақ сынады. Жарыстың жалпы жүлде қоры 40 мың долларды құрады.
Екі күндік бәсекенің қорытындысы бойынша 16 ұпай жинаған Екатерина Лагно турнир жеңімпазы атанды.
Екінші орынды 15 ұпаймен Анна Музычук иеленсе, 12 ұпай жинаған америкалық Карисса Йип үздік үштікті түйіндеді.
Сонымен қатар Анна Музычук блиц жарысында топ жарса, Карисса Йип рапид бойынша үздік нәтиже көрсетті.
Еске салайық, шахматтан әлем чемпионы атағы үшін матч 24 қарашада Швейцарияның Женева қаласында басталады. Онда қазіргі әлем чемпионы, үндістандық Гукеш Доммараджу мен өзбекстандық үміткер Жавохир Синдаров кездеседі.
Қарсыластар 14 партия өткізеді. Жүлде қоры 2,5 миллион долларды құрайды.
Алғаш болып 7,5 ұпай жинаған шахматшы әлем чемпионы атанады. Егер 14 партиядан кейін есеп тең болса, жеңімпаз тай-брейкте анықталады.