Қазақстан Женевадағы шахматтан әлем чемпионы атағы үшін матчты ұйымдастыруға атсалысты

ҚШФ
Қазақстан 2026 жылғы шахматтан әлем чемпионы атағы үшін өтетін матчты ұйымдастыруға қатысты. Жарыстың ресми ашылу салтанаты 22 қарашада Швейцарияның Женева қаласындағы Ұлттар сарайында өтті.
Әлемдік шахмат тәжі үшін қазіргі әлем чемпионы, үндістандық Гукеш Доммараджу мен өзбекстандық үміткер Жавохир Синдаров сынға түседі. Екі гроссмейстер де 20 жаста. Осылайша олардың кездесуі классикалық шахмат тарихындағы ең жас қарсыластар арасындағы чемпиондық матч болмақ.
Ашылу салтанатын ұйымдастыруға Қазақстанның БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілдігі қолдау көрсетті.
Қатысушылардың баспасөз мәслихаты Ұлттар сарайындағы Қазақстан залында өтті. Бұл залды қайта жөндеу жұмыстары Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен жүргізілген. Ол сол кезеңде БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің бас директоры қызметін атқарған.
Қазақстанның тұрақты өкілі Ержан Қазыхан шахмат пен дипломатияның өзара байланысына тоқталып, халықаралық ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.
«2026 жылғы шахматтан әлем чемпионы атағы үшін матчтың өтуіне орай сіздерді Ұлттар сарайында қарсы алу мен үшін үлкен мәртебе. Қазақстан үшін шахмат жай ғана спорт емес. Шахмат пен дипломатияның арасында табиғи байланыс бар. Екеуі де стратегиялық ойлауды, шыдамдылықты, көрегендікті және ережелерді құрметтеуді талап етеді.
Ең бастысы, шахмат та, дипломатия да әртүрлі көзқарастарды түсінудің және бір-бірімізге құрметпен қараудың маңызын еске салады. FIDE-нің Gens Una Sumus, яғни «Біз – бір отбасымыз» деген ұраны Біріккен Ұлттар Ұйымында ерекше мәнге ие. Шахмат түрлі елдердің, мәдениеттер мен ұрпақтардың өкілдерін біріктіріп, бәсекелестік пен өзара құрметтің қатар жүре алатынын көрсетеді», – деді Қазыхан.
Бұл кездесу 2026 жылдың қыркүйегінде Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) президенті болып сайланған Тимур Турловтың басшылығымен өтетін алғашқы әлем чемпиондығы матчы болмақ.
Турлов Қазақстанның жарысты ұйымдастырудағы рөліне ерекше тоқталды.
«Еліміз іс жүзінде жылдың басты шахмат оқиғасын ұйымдастырушылардың біріне айналды. Ресми баспасөз мәслихаты Женевадағы Ұлттар сарайының Қазақстан залында өтті. Бұл залды 2013 жылы сол кезде БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесін басқарған Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ашқан болатын.
Президентіміздің жеке қатысуы мен қолдауының арқасында бұл матчты дәл Женевада ұйымдастырып, негізгі іс-шаралар үшін қаланың ең көрнекті орындарын таңдай алдық.
Жобаны жүзеге асыруға Қазақстан Республикасының БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілдігі және жеке Ержан Қазыхан зор үлес қосты. Оған және бүкіл дипломатиялық командаға көмегі үшін шын жүректен алғыс айтамын», – деп жазды Турлов.
Баспасөз мәслихатында FIDE басшысы шахматты цифрландыру, жасанды интеллектіні пайдалану және технологиялық компаниялармен ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне де тоқталды.
«Үкіметтермен және әлемдегі ірі технологиялық корпорациялармен ынтымақтастықты нығайту FIDE дамуының негізгі бағыттарының біріне айналуы тиіс деп сенемін.
Цифрлық платформалар шахматтың дамуына үлкен үлес қосты. Өйткені олар адамдарға мүмкіндіктерді тең дәрежеде пайдалануға көмектеседі. Цифрландыру алдағы уақытта да түрлі елдердегі адамдар үшін мүмкіндіктерді теңестіруге ықпал етеді деп үміттенемін.
Жасанды интеллект шахмат индустриясына орасан зор мүмкіндік аша алады. Бұл тек ойыншыларды дайындаумен шектелмейді. Ол шахмат трансляцияларының сапасын айтарлықтай жақсартып, оларды жаңадан үйренушілер мен әуесқойлар үшін қызықты әрі түсінікті ете алады», – деді Турлов.
Айта кетейік, әлем чемпионы атағы үшін матч Женева маңындағы Колоньи елді мекенінде орналасқан Мартин Бодмер қорында өтеді.
Жоспарланған 14 партияның алғашқысы 24 қарашада басталады. Егер классикалық кезең тең аяқталса, 12 желтоқсанда тай-брейк өткізіледі.
Жарыстың жалпы жүлде қоры – 2,5 миллион доллар. Титулдық серіктесі – Salesforce компаниясы, ал бас серіктесі – Freedom Holding Corp.