«Біз ірі есеппен жеңе алар едік». Веласкес «Левскидің» «Қайратты» жеңгеніне баға берді

Али Асетов··
Фото: pfclevskiofficial / Instagram

Фото: pfclevskiofficial / Instagram

Болгарияның «Левски» клубы Чемпиондар лигасы іріктеу кезеңінің келесі сатысына шығу жолында алғашқы қадамын жасап, өз алаңында Алматының «Қайратын» 1:0 есебімен жеңді.

Матчтан кейін алаң иелерінің бас бапкері Хулио Веласкес ойын нәтижесіне де, командасының көрсеткен футболына да толықтай көңілі толатынын айтты.

Испаниялық маманның сөзінше, оның шәкірттері жоғары деңгейде өнер көрсетіп, бұдан да ірі есеппен жеңіске жетуге лайық болған. Ол «Қайраттың» тәжірибелі қарсылас екенін атап өткенмен, бұл «Левскиге» ойын тізгінін ұзақ уақыт өз қолында ұстауға кедергі болмағанын жеткізді.

«Команданың ойынына көңілім толды. Біз бұл жеңіске әбден лайық едік. Оның үстіне есеп айырмасын ұлғайтуға бірнеше мүмкіндік болды. Қарсыласымыз тәжірибелі футболшылардан құралған команда. Өз ойыншыларымды мақтан тұтамын және жанкүйерлерімізге керемет қолдауы үшін алғыс айтамын. Көңіл күйім жақсы, ештеңеге өкінбеймін», – деді болгариялық клубтың бас бапкері.

Командалардың алғашқы кездесуі София қаласында өтті. Негізгі уақыт бойы есеп ашылмағанымен, қосымша минуттарда алаң иелері жеңісті жұлып әкетті. Қосылған уақыттың екінші минутында Сержиньо алыстан дәл соққы жасап, «Левскиге» қарымта матч алдындағы минималды басымдық сыйлады.

Қарымта кездесу 11 тамыз күні Түркістанда өтеді. Бастапқыда «Қайрат» қарсыласын Алматыда қабылдауды жоспарлаған еді. Алайда дәл сол күндері Орталық стадионда америкалық әнші Канье Уэсттің концерті өтетіндіктен, матч Түркістанға ауыстырылды.

«Біз ірі есеппен жеңе алар едік». Веласкес «Левскидің» «Қайратты» жеңгеніне баға берді – sport-hub