Басты бет
·
Бокс

Бокстан әлем чемпионатының финалында төрт қазақстандық алтын үшін жұдырықтасады

Дина Хамзина··
ҰОК

ҰОК

Қазақстан құрамасы Черногорияның Будва қаласында өтіп жатқан 19 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы әлем чемпионатында сегіз медальға кепілдік берді. Төрт отандасымыз финалға шықса, тағы төрт боксшы қола жүлдегер атанды.

Жартылай финалдық жекпе-жектердің қорытындысы бойынша төрт қазақстандық боксшы шешуші кезеңге жолдама алды.

Қыздар арасында 57 келіге дейінгі салмақта Алина Құдайгенова, ал 80 келіден жоғары салмақта Зарина Толыбай әлем чемпионы атағын сарапқа салады.

Ұлдар арасында Бибарыс Аширбай (70 келі) мен Владислав Саможонов (90 келіден жоғары) алтын медаль үшін жұдырықтасады.

Осылайша, Қазақстан құрамасы кем дегенде төрт күміс медальді қоржынға салды. Финалдық жекпе-жектерде жеңіске жеткен жағдайда отандастарымыз алтын жүлдеге қол жеткізеді.

Ал жартылай финалда жеңіліс тапқан тағы төрт қазақстандық әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Олар:

Мадира Жұмахан (51 келіге дейін);

Индира Қыдырмолдаева (60 келіге дейін);

Данияр Ақбисенов (60 келіге дейін);

Еркетан Жарқынбек (90 келіге дейін).

Айта кетейік, финалдық жекпе-жектер 27 қазан, сейсенбі күні өтеді. Шешуші кезеңнің алғашқы кездесулері Астана уақытымен сағат 18:00-де басталады. Финал қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының алтын және күміс медальдарының нақты саны белгілі болады.