Комадан шыққан қазақстандық боксшы Айдос Ербосынұлы мансабын аяқтады

Қазақстандық боксшы Айдос Ербосынұлы дәрігерлердің рингке оралуына рұқсат бермеуіне байланысты кәсіпқой мансабын аяқтайтынын мәлімдеді.
Спортшы төрт жылдық үзілістен кейін алғашқы жекпе-жегін 6 қарашада Қазан қаласында өткізуді жоспарлаған. Алайда Ресей бокс федерациясы денсаулығына байланысты оның шаршы алаңға шығуына рұқсат бермеді.
34 жастағы Ербосынұлы бұл шешімі туралы әлеуметтік желілерде хабарлады. Оның айтуынша, ол 2022 жылы алған ауыр жарақатына қарамастан, кәсіпқой боксқа оралудан соңғы сәтке дейін үмітін үзбеген.
«Осымен бәрі аяқталды. Енді мені кәсіпқой боксшы ретінде рингтен көрмейсіздер. Иә, бұл сөздерді айту маған оңай емес», — деді қазақстандық боксшы.
2026 жылы Ербосынұлы жаттығуларын қайта бастап, Алматыда спаррингтер өткізіп, қарашада Татарстанда өтетін жекпе-жекке дайындалған. Алайда дәрігерлер оның рингке оралуына қарсы болды.
«Неврологтар мен невропатологтардың бәрінен үзілді-кесілді тыйым естідім: “Айдос, болмайды, тіпті ойлама да”. Соған қарамастан, тәуекелге бардым. Үмітім әлі де болды. Физикалық бабымды қалыпқа келтіріп, рингке шығуға дайын тұрған едім. Бірақ соңғы сәтте дәрігерлер рұқсат бермеді», — деп түсіндірді боксшы.