Бублик ATP рейтингіндегі үздік 15 ойыншы қатарындағы орнын сақтап қалды

Фото: ҚТФ
Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик Штутгарттағы турнирден кейін жаңартылған ATP рейтингінде 11-орнын сақтап қалды. Ол бұл жарыста жартылай финалға дейін жеткен болатын.
Штутгартта өткен ATP 250 санатындағы турнирде қазақстандық теннисші финалға бір қадам қалғанда тоқтап, америкалық Тейлор Фрицке 4:6, 4:6 есебімен жеңілді.
Әлемдік рейтингтің көшбасшысы бұрынғысынша италиялық Янник Синнер болып қала береді. Екінші орында испаниялық Карлос Алькарас, үшінші орында германиялық Александр Зверев тұр.
Қазақстанның басқа өкілдері арасында Александр Шевченко екі сатыға көтеріліп, 94-орынға жайғасты. Тимофей Скатов 175-орында, Бейбіт Жұқаев 316-орында, Денис Евсеев 456-орында, Әмір Омарханов 632-орында тұр.
Қазақстандық теннисшілер арасында ең үлкен ілгерілеуді Дмитрий Попко көрсетті – ол бірден 17 сатыға көтеріліп, 672-орынға шықты. Ал Григорий Ломакин әлемдік рейтингте 898-орында орналасқан.