Бублик Уимблдондағы жеңілісінің себебін ашық айтты

Али Асетов··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Қазақстандық теннисші Александр Бублик Уимблдон-2026 турнирінің төртінші айналымында америкалық Тейлор Фрицтен жеңілгеннен кейін өз ойымен бөлісті.

Кездесу АҚШ өкілінің үш сеттегі жеңісімен аяқталды – 7:6 (7:1), 6:4, 6:4. Матчтан кейін Бублик бұл ойынға физикалық тұрғыдан толық дайын болмағанын және алдыңғы ауыр кездесуден кейін күш-қуатының едәуір сарқылғанын айтты.

«Фрэнсиспен өткен матчтан кейін бакта жанармай көп қалған жоқ. Осы ойынға дейін барынша қалпыма келуге және дайындалуға тырыстым. Бірақ қолымнан келгенше ғана күресе алдым.

Тейлор өте сапалы матч өткізді. Ол тұрақты ойнады, өте аз қателесті және маған мүмкіндік берген жоқтың қасы. Бүгін ол менен мықты болды», – деді Бублик матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында.

Айта кетейік, бұл жеңістің арқасында Тейлор Фриц Уимблдон-2026 турнирінің ширек финалына шықты. Келесі кезеңде ол Германия өкілі Александр Зверев пен чехиялық Иржи Легечка арасындағы матчтың жеңімпазымен кездеседі.

Бублик Уимблдондағы жеңілісінің себебін ашық айтты – sport-hub