Бублик Уимблдонның үшінші айналымына бірде-бір сет жібермей шықты

Али Асетов··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Әлемдік ATP рейтингінде 11-орында тұрған қазақстандық теннисші екінші айналымнан еш қиындықсыз өтті.

Екінші кезеңде Бублик әлемдік рейтингтің 139-сатысындағы франциялық Кириан Жакемен кездесті. Бұған дейін бір-бірімен ойнамағанына қарамастан, қазақстандық теннисші ойын тізгінін бірден өз қолына алды. Алғашқы сетте 6:3 есебімен басым түссе, кейін 6:4 нәтижесімен артықшылығын нығайтты. Ең тартысты үшінші сет болды, алайда онда да Бублик тай-брейкте жеңіске жетіп, қарсыласын 7:6 есебімен ұтты.

Уимблдон, ATP (ерлер, 1/32 финал)

Бублик (Қазақстан) – Жаке (Франция) – 6:3, 6:4, 7:6

Кездесу толықтай 1 сағат 50 минутқа созылды. Осы уақыт ішінде Бублик қарсыласына камбэк жасауға мүмкіндік бермей, үш сетте сенімді жеңіске жетті.

Енді қазақстандық теннисшіні үшінші айналым күтіп тұр. Келесі қарсыласы британиялық Ян Чоински мен америкалық Фрэнсис Тиафо арасындағы матчта анықталады.

Еске сала кетейік, Лондонда өтіп жатқан турнир 29 маусым мен 12 шілде аралығына жоспарланған. Ал Уимблдонның қазіргі чемпионы – титулын биыл қорғауға тиіс италиялық Янник Синнер.