«Бұл дерттен арылуға шындап кірістім»: Данияр Елеусінов ем қабылдай бастағанын айтты

Фото: yeleussinovdaniyar / Instagram
Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов қазіргі жағдайы туралы айтып, АҚШ-та толыққанды ем қабылдай бастағанын мәлімдеді.
IBO белбеуінің бұрынғы иегерінің айтуынша, қазір ол қалпына келуге басымдық беріп, денсаулығына шындап көңіл бөлмек. Спортшы емнің жекелеген медициналық процедуралармен шектелмейтінін, кешенді түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Қазір ем қабылдауды бастадым. Бірақ бұл тек тамырға дәрі жіберу емес, толыққанды кешенді ем. Бәрі жақсы болады деп ойлаймын. Сондықтан біреуді ренжіткенім немесе артық сөздер айтып қойғаным туралы нәрселерге мән бермеңіздер. Кімде болмайды? Менің жаман әдетім бар, ол эфирге шығу. Бірақ енді ондай болмайды деп ойлаймын, өйткені бұл дерттен арылуға шындап кірістім. Жақында қайта сапқа қосыламын. Бұрынғы көңілді әрі бақытты Данияр қайта оралады», – деді Елеусінов Instagram желісінде.
Қазақстандық боксшы қазір отбасымен бірге АҚШ-та жүр. Ол кәсіпқой рингке соңғы рет 2025 жылдың 19 шілдесінде шыққан. Вашингтонда Елеусінов филиппиндік Джеймсон Бэконмен кездесіп, қарсыласын екінші раундта тоқтатты.
Ұзақ үзіліске қарамастан, қазақстандық боксшының кәсіпқой бокстағы статистикасында жеңіліс жоқ. Елеусінов өткізген 13 жекпе-жектің барлығында жеңіске жетті. Оның сегіз кездесуін мерзімінен бұрын аяқтаған.
Бұған дейін Олимпиада чемпионы Zuffa Boxing промоушенінің боксшысы атанған еді. Бұл промоушен UFC басшысы Дана Уайтпен байланысты және бокс жекпе-жектерін ұйымдастырумен айналысады.
Сондай-ақ соңғы уақытта Елеусінов қазақстандық ММА файтері Еркебұлан Тоқтарға қарсы жекпе-жек өткізуі мүмкін екені туралы мәлімдемесімен көпшіліктің назарын аударды.