«Бұл нәтижені тістесіп жүріп алдық». Ромащенко – «Тобылдың» келесі кезеңге шығуы туралы

«Тобыл» ФК
Қостанайдың «Тобылы» Конференциялар лигасының екінші іріктеу кезеңінде литвалық «Паневежисті» пенальти сериясында жеңіп, келесі кезеңге өтті.
Ойыннан кейін команданың бас бапкері Мирослав Ромащенко шешуші матчтың тек ойын тұрғысынан ғана емес, психологиялық жағынан да өте ауыр болғанын айтты.
«Ең алдымен «Тобылдың» барлық жанкүйерлерін және қазақстандық футболды осы жетістікпен құттықтағым келеді. Біз тағы бір маңызды қадам жасап, турнирдің келесі кезеңіне өттік. Матч өте қиын болды, біз бұған дайын едік.
Барлығы бұл кездесудің қаншалықты маңызды екенін түсінді. Мұндай қысым ойыншыларға әсер етпей қоймайды, толқу алғашқы минуттардан-ақ сезілді. Ойын басталмай тұрып артық қысымды азайтуға тырыстық, бірақ команда толықтай үзілістен кейін ғана еркін ойнай бастады.
Мені ең қатты қуантқаны – жігіттердің мінез көрсетуі. Барлығы жоспарлағандай болмағанымен, әр футболшы соңына дейін күресті, серіктестерін қолдап, берілмеді. Дәл осы бірлік пен жанкештіліктің арқасында біз қажетті нәтижеге жеттік.
Бүгін сәтсіз тұстар туралы айтқым келмейді. Қазір бұл жеңістің рахатын сезіну маңызды. Команда шыдамдылық таныта алатынын, өз күшіне сенетінін және біртұтас ұжым ретінде әрекет ететінін дәлелдеді. Осындай қасиеттер бізге келесі кезеңге өтуге көмектесті», – деді Ромащенко.
Еске сала кетейік, жауапты матчтың негізгі және қосымша уақыты 1:1 есебімен аяқталды. Жеңімпаз пенальти сериясында анықталып, онда «Тобыл» 3:2 есебімен басым түсті.
Матчтан кейін өз пікірлерімен команданың капитаны Асхат Тағыберген мен жартылай қорғаушы Александр Зуев те бөлісті. Екеуі де кездесудің шешуші ойыншысы қақпашы Даниил Устименко болғанын атап өтті. Олардың айтуынша, қақпашының бірнеше маңызды сейві, соның ішінде пенальти сериясындағы әрекеттері, командаға жеңіс сыйлап, еурокубоктағы жолын жалғастыруға мүмкіндік берді.