«Бұл жақын арада болады деп үміттенемін»: Рыбакина әлемдік рейтингтегі көшбасшылық туралы пікір білдірді

Фото: Jimmie48
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Уимблдон-2026 турнирінде сенімді өнер көрсетуін жалғастырып жатыр.
Турнирдің үшінші айналымына шыққаннан кейін әлемнің екінші ракеткасы алғаш рет WTA рейтингінде көш бастау мүмкіндігі туралы ойымен бөлісті.
Екінші айналымда Рыбакина әлемдік рейтингте 50-орында тұрған АҚШ өкілі Кэти Макнеллиді еш қиындықсыз жеңді. Матч қазақстандық теннисшінің айқын басымдығымен 6:1, 6:2 есебімен аяқталды.
Рейтингтің көшін бастауға нақты мүмкіндігі болғанына қарамастан, спортшы бұл туралы көп ойланбауға тырысатынын айтты.
«Шынымды айтсам, бұл туралы ойламауға тырысамын. Қазір мен үшін ең маңыздысы – әр келесі матчқа назар аудару. Бұл деңгейде әлсіз қарсылас болмайды, әрі әр ойын күні қалай өтетінін ешқашан білмейсің. Мен алға жылжып, ойынымды жақсартып, күшейе бергім келеді. Әрине, бұл жақын арада жүзеге асса, қуанышты болар еді. Ал болмаса – ештеңе етпейді, жұмысымды жалғастыра беремін», – деді Рыбакина жеңістен кейін тікелей кортта берген сұхбатында.
Келесі айналымда қазақстандық теннисші WTA рейтингінде 27-орында тұрған және 25-нөмірлі болып тіркелген бельгиялық Элисе Мертенспен кездеседі.
Еске сала кетейік, Уимблдон-2026 турнирі 29 маусым мен 12 шілде аралығында Лондонда өтуде. Биыл ұйымдастырушылар рекордтық жүлде қорын – 64,2 миллион фунт стерлингті сарапқа салуда.